Алматы облысының прокуратурасы Еңбекшіқазақ ауданындағы “Мейірімді періште” жеке меншік гимназиясында жұмыс істейтін мұғалімдердің еңбек құқықтарын қорғау бойынша шара қолданды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Аталған білім мекемесі жарты жыл бойы 56 мұғалімге еңбекақы төлемей, 40 млн теңге қарыз болған. Атқарушылық өндірістер жүргізілгеніне қарамастан, қызметкерлердің алдындағы бұл қарыз өтелмеген.
“Прокуратура араласқаннан кейін борышкерге тиесілі жылжымайтын мүліктер анықталып, сатылымға шығарылды. Сатудан түскен қаражат толығымен қарызды өтеуге жұмсалып, педагогтердің еңбек құқықтары қалпына келтірілді”, – El.kz агенттігіне жолдаған ведомство хабарламасында.
Айта кетейік, бұған дейін Қаржы минстрі Мәди Такиев және Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Қазақстанда жалақы неге аз екенін түсіндірген еді.
Министр бүгінгі таңда 100-150 мың аралығындағы жалақыны қазақстандықтардың 35 пайызы алатынын айтты.
"300-600 мың аралығында 36 пайызы алады. Бүгінгі таңда экономиканың көрінісі сондай. Жалпы көп көмек беріліп жатыр. 2-3 жылдың ішінде мұғалімдер, дәрігерлердің жалақысы көтерілді. Әлі де көбейеді деп сенеміз. Одан басқа ең төменгі жалақы 85 мың теңге", - дейді Такиев.
Ал Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров экономикалық сектордағы жалақы өндірістің өнімділігіне байланысты екенін айтады.
"Жалақы бір орында тұрған жоқ. Кәсіпорындар табысы артқан сайын қызметкерлердің жалақысын көтеруге тырысады. Екінші жағынан мемлекеттік қолдау шаралары кезінде қойылатын талап - қызметкерлерінің жалақысын көтеріп қоюы қажет. Егер бюджет саласы жайлы айтар болсақ, өздеріңізге белгілі, кейінгі жылдары бюджет есебінен мемлекеттік, азаматтық қызметкерлерге жалақыны көтеру жұмыстары жүргізілді. Әлі де жүргізіліп жатыр. Сондықтан бюджеттің мүмкіндігінше халықтың әл-ауқатын көтеру үшін жұмысты жалғастырамыз", - дейді Байбазаров.