Алматы облысында ерлі-зайыптыны өлтіріп, үйін өртеп жіберген қылмыскер іздестіріліп жатыр

Кәмшат Тілеухан 08 там. 2025 09:44

Қанды оқиға Талғар ауданына қарасты Панфилов ауылында болған. Көршілер егде жастағы ерлі-зайыпты бақшасында өсірген гүлдерді сатып, ермек қылатынын айтады. Қылмыскер өз жауыздығын жасыру үшін үйге от қойып кеткен,деп хабарлайды Dalanews.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Бастапқыда үй иелері өрт кезінде қаза тапқан деп болжанған. Алайда сараптама қорытындысы олардың асқан қатыгездікпен өлтірілгенін көрсетті. Күдікті таңғы сағат 9-10-ның шамасында көршілерінің үйіне қоршаудан секіріп кіріп, алтыны мен ақшасын ұрламақ болған көрінеді.  79 және 75 жастағы ерлі-зайыптының денесінен көптеген пышақ жарақаты табылған. Полицейлер мен куәгерлер келгенде мәйіттер жартылай жалаңаш күйде жерде жатыпты. Қазір осы сұмдық оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, 38 жастағы сол ауылдың тұрғыны күдікті деп танылған. Ол бұған дейін де бірнеше рет істі болған екен.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, оның абақтыдан шыққанына небәрі екі-ақ апта өтіпті.

"Қылмыс болған үйдің есігіне мөр басылып, күдіктіні құрықтау үшін жедел-тергеу тобы құрылды. Барлық шара жүргізіліп жатыр", - дейді Алматы облысы полиция департаментінің өкілдері.

Бұған дейін Алматыда 83 жастағы Амантай қажыға қатысты қылмыстық іс қозғалғанын жазғанбыз.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар