Алматы әуежайындағы болған оқиғада батырлық көрсеткен Мұса Әбдірайым марапатталды

Ақтоты Жапатова 08 нау. 2025 13:58 1076

Алматы әкімі Ерболат Досаев Мемлекет басшысының тапсырмасымен төтенше жағдайда көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін Әбдірайым Мұса Сайранбайұлын «Ерлігі үшін» медалімен марапаттады, деп хабарлайды Dalanews.kz 

Сондай-ақ, Мұса Әбдірайымға ақшалай сыйақы табысталды.

52 жастағы азамат жолаушы ретінде Алматы халықаралық әуежайының ұшуға дейінгі тексеру аймағына кірген қылмыскердің қолындағы пышағын тартып алды. Батылдық пен шапшаңдықтың арқасында ол әуежай қызметкерінің өмірін сақтап қалды.

«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлына орасан зор көңіл бөліп, құрмет көрсеткені үшін шын жүректен алғысымды білдіремін. Біздің елде әрқашан бейбіт аспан, келісім мен өркендеу болсын!», - деді Мұса Әбдірайым.

Еске салайық, 7 наурыз күні Сағат 11:45 шамасында Алматы әуежайының ұшу алдындағы тексеру аймағында өзін жолаушы ретінде таныстырған ер адам келген. Алматы халықаралық әуежайының авиациялық қауіпсіздік қызметінің скрининг қызметкерлері ер адамнан құжаттарын көрсетуді сұраған, бірақ ер адам скрининг офицерін шашынан ұстап алып, пышақпен қорқыта бастаған. Алайда батыл азаматтың жедел әрекеті жағдайды бақылауға алуға көмектесті.

Белгілі болғандай, қылмыскерді ұстауға көмектескен – Мұса Сайрамбайұлы Әбдірайымов. Ол 1973 жылы Түркістан облысы, Түлкібас ауданы, Күмісбастау ауылында дүниеге келген. Кәсіби спортпен айналысқан, бүгінде бес баланың әкесі. Сонымен қатар әнші Бағлан Әбдірайымовтың ағасы.

Оқиға куәгерлері Мұса Әбдірайымовтың ерлігіне тәнті болды. Ол қауіпке қарамастан, қылмыскердің пышағын тартып алып, әуежай қызметкерін құтқарған. Әлеуметтік желіде “бұл – нағыз ерлік” деген пікірлер көбейіп, оның батылдығы кеңінен талқылануда.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мұса Әбдірайымовтың батылдығын ерекше атап өтіп, оны мемлекеттік марапатқа ұсынуды тапсырды. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай хабарлады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
Pitbull (әңгіме)
07 нау. 2025 23:01