Алматы әкімі Ерболат Досаев Қытайға жұмыс сапары аясында Шанхайдың мүгедектер федерациясының төрағасы Ду Сунцюаньмен кездесті,- деп хабарлайды Dalanews.kz
Кездесу Sunshine 201 орталығында өтті. Орталық ерекше қажеттілігі бар адамдарды жұмыспен қамту, оқыту, оңалту және бизнес инкубациялау қызметтерін ұсынады. Оның оңалту бағдарламаларының тиімділігі 90%-дан асады.
Ерболат Досаев инклюзияны дамытудағы шанхайлық тәжірибенің маңыздылығын атап өтті. Әсіресе, заңнаманы жетілдіру, инфрақұрылымды дамыту, жұмыс орындарына квота бөлу және қызметтерді автоматты түрде іріктеуде жасанды интеллектіні қолдану мәселелері қызығушылық тудырды.
Тараптар Алматыда инклюзивті ортаны дамыту бойынша бірлескен жоспар әзірлеу мүмкіндігін талқылады. Бұл ерекше қажеттілігі бар азаматтарды әлеуметтік қолдау мен жұмыспен қамтуға бағытталған жаңа жобаларды табысты жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Барлық қала тұрғыны үшін тең мүмкіндіктер жасау – әкімдіктің басым бағытының бірі.