Биыл қазақ руханияты үшін ауыр жыл болды. Ұлт жадында аты алтын әріппен жазылған талай алып бірінің артынан бірі дүниеден өтті. Әдебиет, ғылым, өнер, поэзия мен ғарыш саласында із қалдырған қайраткерлердің өмірден озуы ел қабырғасын қайыстырды. Осы тұста, Dalanews.kz редакциясы жыл ішінде мәңгілік сапарға аттанған көрнекті тұлғаларды еске салады.

Жыл басында, яғни 10 қаңтарда қазақ прозасының классигі, ұлт рухының шырақшысы Мұхтар Мағауин 85 жасқа қараған шағында өмірден өтті. Мағауин қазақтың тарихи жадын қайта тірілткен тұлға еді. Ол артында терең тарихи санаға құрылған шығармалар мұрасын қалдырды.Оның қаламынан туған әр туынды ұлттың өткенін бүгінмен жалғап тұрды.
Мағауинмен қатар қазақ ғылымы да ауыр қазаға ұшырады. 11 қаңтарда 96 жасқа қараған шағында белгілі ғалым, әдебиеттанушы Мекемтас Мырзахметұлы өмірден өтті. Ол Абайтану мен ұлттық идея мәселесін терең зерттеген, қазақ руханиятына ғылыми жүйе әкелген ірі ойшылдардың бірі болды. Оның еңбектері бірнеше буын зерттеушілерге бағыт-бағдар берді.

Қазақ прозасының тағы бір алыбы Дулат Исабеков 84 жасқа қараған шағында дүние салды. Ол адам жанының күрделі иірімдерін қарапайым тілмен, бірақ терең философиялық деңгейде суреттей алған жазушы еді. Оның кейіпкерлері қоғамның шынайы айнасы, ал шығармалары уақытпен бірге ескірмейтін рухани мұра болып қала бермек.

Ғылым мен фольклортанудың биігінен көрінген Сейіт Қасқабасовтың өмірден өтуі де орны толмас өкінішке айналды. 84 жылдық ғұмырын қазақ ауыз әдебиетін жүйелеуге арнаған ғалым ұлт мәдениетінің іргетасын бекіткен санаулы зерттеушілердің бірі болды.

91 жасында дүние салған Әкім Тарази қазақ әдебиеті мен драматургиясында өзіндік қолтаңбасы бар қаламгер ретінде есте қалды. Ол сөз арқылы уақытпен, қоғаммен, адаммен сөйлесе білді. Оның шығармаларындағы ой салмағы мен ішкі драматизм әлі талай оқырманды толғандырары сөзсіз.

Поэзия әлемі де ауыр соққы алды. 81 жасқа қараған шағында дүниеден өткен Темірхан Медетбек тәуелсіздік кезеңіндегі поэзияның рухани жүгін көтерген ақын. Оның жырларында еркіндік, ар-намыс, ұлттық болмыс айқын сезілетін. Ақынның үні бір дәуірдің үніндей болды.

Ұлт тарихында есімі алтын әріппен жазылған тұлға, қазақтың тұңғыш ғарышкерлерінің бірі Талғат Мұсабаев та 74 жасында өмірден өтті. Ол тек ғарышкер емес, Қазақстанның ғылыми-техникалық дамуына үлес қосқан тұлға еді. Оның ғарышқа сапары тәуелсіз елдің еңсесін көтерген тарихи сәттердің бірі болды.

85 жасқа қараған шағында дүние салған Исарил Сапарбай поэзия мен драматургияны ұштастыра білген ерекше дарын иесі еді. Оның өлеңдері адам жанындағы махаббат пен мұңның, үміт пен сағыныштың көрінісі болды.

Қазақ поэзиясының нәзік те биік үнін қалыптастырған Күләш Ахметова да 79 жасында мәңгілік сапарға аттанды. Оның жырлары бірнеше буын оқырманның жан дүниесіне әсер етіп, қазақ әйел поэзиясының жаңа белесін айқындады.

Қаламын қоғам үшін серік еткен публицист, ғалым Мақсат Тәжмұрат 30 қазан күні 66 жасында өмірден өтті. Ол өз еңбектерінде ұлттық сана, тарихи әділет, қоғамдық жауапкершілік мәселелерін батыл көтерді.

Ғылым мен медианы қатар алып жүрген Ғалым Доскен 65 жасында дүниеден өтті. Ол – жаңа заман журналистикасының қалыптасуына үлес қосқан, ізденістен жалықпаған тұлға болды.

Ал жыл соңында қазақ өнері қара жамылды. 88 жасында сахна саңлағы, кино мен театрдың тірі аңызы Асанәлі Әшімов көз жұмды. Ол қазақ актерлік мектебінің үлгісі, сахна мәдениетінің өлшемі еді. Оның сомдаған бейнелері халық жадында мәңгі сақталады.
