"Әлеуметтік көмек үшін ажырасатындар көбейген". Депутат Сарым дабыл қақты

Қаракөз Амантай 16 мау. 2025 11:22

Кейінгі уақытта қоғамда және Парламент қабырғасында жиі талқыланып жүрген өзекті мәселелердің бірі – еліміздегі некелесу мен ажырасу көрсеткіштері. Мәжіліс депутаты, саясаттанушы Айдос Сарым бұл тенденцияға тереңірек үңіліп, неке бұзу фактілерінің көбеюіне тек тұрмыстық қиындықтар емес, мемлекет жүргізіп отырған әлеуметтік саясаттың да жанама әсері бар екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ресми статистика не дейді?

Депутаттың сөзінше, ажырасу көрсеткішінің ең жоғары деңгейі бірнеше өңірде тіркелген. 

"Ресми деректерге сенсек, өткен жылы АХАТ органдары 123 мың некені тіркеген. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 2 пайызға артық. Ажырасуға келетін болсақ, былтыр 40 мыңнан астам отбасы некесін бұзған. Олардың 30 мыңы немесе 74 пайызы - қала тұрғындары. Аймақтар арасында Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар облыстары көш бастап тұр. Ажырасудың ең төмен көрсеткіші оңтүстік аймақтарда тіркелген. Бұл шынайы дәлелденген статистика. Алайда жағдайды одан әрі ушықтырып, "бәрі бітті, бәрі құрыды" деп ойбыға салатындардың да саны жеткілікті. Олардың ішінде, өкінішке қарай, депутаттар мен лауазымды тұлғалар да жоқ емес. Саяси ұпай жинау үшін жалған себеп тауып, оны туғызып жатқандар да жетерлік", – дейді ол "Qazaqstan TV" арнасының "Мүдде" бағдарламасында.

Ажырасуды тек экономикалық себеппен түсіндіру жеткіліксіз

Айдос Сарым қазіргі қоғамда ажырасуға деген көзқарастың өзгеріп келе жатқанын атап өтті.

"Егер менің кезімде ажырасқан адам "құбыжық, жалғызбасты ана" деп қабылданатын болса, бүгінде бұл үйреншікті жағдай. Бұрын отбасы үшін де ажырасу отбасылық категориясына кірсе, бүгін қоғамдық сана бұған кешіріммен, түсіністікпен қарайды. "Өлсең де ажыраспа" деген қағида қазір жоқ. Тоқсаныншы жылдары одан кейін де ажырасу себептері көп зерттелді. Сол кезде экономикалық факторлар бірінші орынға шыққан еді. "Бала-шағысын асырай алмады, тұратын үйі жоқ" дейтін түсініктер үйреншікті жағдай еді", - дейді депутат.

Оның пікірінше, кейінгі жылдары отбасылардың бұзылуына негізінен психологиялық және әлеуметтік факторлар себеп болып отыр.

"Баспана, жалақы мәселелері де басты себеп емес. Негізгі ссебептер отбасы ішіндегі зорлық-зомбылық, лудомания, ішімдік пен нашақорлық екен. Бұл кеселдермен күрес бүгінгі мемлекеттік отбасылық саясаттың негізгі өзегі болып жатқаны осыдан. Тағы бір тосын фактор бар – ажырасу санының артуына 5-10 жылдан бері жүргізіліп жатқан әлеуметтік саясаттың өз үлесі бар. Әлеуметтік салаға ғылыми негізсіз, есеп-қисапсыз, тексерусіз құйылған қаражат жалған неке мен жалған ажырасу факторын тудырып отыр", - деп қосты ол.

Сонымен қатар депутат кейінгі жылдары жүргізілген әлеуметтік саясаттың да жанама түрде ажырасу санының өсуіне әсер еткенін алға тартады. Айтуынша, кейбір отбасылар мемлекеттен жәрдемақы алу үшін, пәтер кезегіне тұру мақсатында немесе басқа әлеуметтік жеңілдіктерге ілігу үшін ресми түрде ажырасқан.

"Жақында әріптесім Жарқынбек Амантайұлы депутаттық сауал жолдады. Онда мынадай фактор бар еді. Мысалы, "әлеуметтік көмекке ілігемін, пәтер кезегіне тұрамын, субсидия аламын" деп 2015жылы ажырасқан жұптардың біразы кейіннен дүниеге ортақ бала әкеліп, әкесінің атын алып жатыр екен. Яғни, ажырасу мемлекет үшін тек формалды түрде болған. Депутат ресми түрде ажырасқанымен бірге тұрып жатқандардың арасында мемлекеттік қызметте және бизнесте жүрген отбасылардың да жетіп жатқанын айтады. Тіпті зәуләм үйлерде тұрып, атаулы әлеуметтік көмекті алудан бас тартпай отырғандар да жетерлік. Заң тұрғысынан жалған неке де жалған ажырасу да таза алаяқтық. Осындай ортада өскен баланың құқықтық санасы мен құндылықтары туралы ештеңе айтпай-ақ қоялық. Ерте ме кеш пе шындық ашылып, біраз адам ұятты болып,  қаржылай санкцияға ілігуі мүмкін", - дейді ол.

Заңмен қалай реттеледі?

Айдос Сарым елде "Неке және отбасы" туралы заңды қайта қарап, заманауи талаптарға бейімдеу қажеттігін айтады. Сонымен қатар әр отбасының әлеуметтік жағдайын зерделейтін және мемлекет тарапынан бөлінетін қаржылай көмектерді қадағалайтын цифрлық бақылау құралдарын енгізу қажет екенін атап өтті.

"Мұндай құралдар жасалып жатыр. Алдағы уақытта оның да жұмысы туралы әңгіме қыламыз", - деп түйіндеді ол.

Еске салайық, бұған дейін Мәжіліс депутаты Ардақ Назаровтың ажырасу көрсеткіштеріне қатты алаңдайтынын айтып, ажырасқан азаматтарға табыс салығын көтеру ұсынысын айтуы қоғамда үлкен резонанс тудырған еді. Бұл ұсынысты саясаттанушы Ғазиз Әбішев өзінің сараптамалық жазбасында сынға алып, оны біздің қоғамдағы "махаббатқа мәжбүрлеу мәдениетінің" тағы бір көрінісі ретінде сипаттады.

Әбішев Назаровтың ұсынысына қатысты пікір білдірді.

"Бұл — табиғи әлеуметтік құбылысты зорлық-зомбылық тәсілдері арқылы бақылауға тырысудың кезекті мысалы. Яғни, адамдардың жеке таңдауымен байланысты жағдайды аламыз да, оның ішінен қоғам үшін “қауіпті” элементті бөліп алып, оны ұлғайтып, мәселені шешудің ең оңай жолын ұсынамыз: “Сүй деп мәжбүрлейік”.

Сарапшы мұндай тәсілдің тек салық саясаты арқылы емес, қалыңдық ұрлау, бұрынғы әйелді аңду, тілге қысым жасау, радикалды діни үгіт, тіпті ультралибералдық идеологиядағы шектен шығу формасында да көрініс табатынын атап өтті. Оның айтуынша, бұл құбылыстардың барлығында да адамдардан өз еркімен жақсы көруі талап етіледі. Нәтижесінде махаббатты күштеп нығайтамыз-мыс. “Ұнаса да, ұнамаса да, төзе бер, сұлуым” деген ұстаным сол — ғасырлар қойнауынан жеткен мәдени штамп.

"Бұл — адамның табиғатын қарабайыр түсіну. Ал әлеуметтік қатынастарға тоталитарлық көзқарас таныту", — дейді Әбішев.

Оның пікірінше, егер екі адам бірге өмір сүргісі келмесе, бұл — олардың таңдауы. Егер олар ажырасса, бұл әрекет басқа адамдардың, басқа отбасылардың немесе тұтас мемлекеттің құқығын еш бұзбайды.

"Онда олар не үшін көбірек салық төлеуі керек? Бұл — ажырасқандарды әлеуметтік тұрғыдан кемсіту әрекеті емес пе?" – дейді ол.

Ғазиз Әбішев ажырасқан ерлер мен әйелдер үйленбеген, тұрмысқа шықпаған не отбасылы адамдардан еш кем емес екенін атап өтті.

"Оларға қосымша салық салу — олардың Конституциялық және жалпыадамзаттық құқықтарын шектеу" деп кесіп айтты саясаттанушы.

Ол, тіпті, бұл ұсыныстың белгілі бір жағдайда адамдарды ажырасудан ұстап қалуы мүмкін екенін де жоққа шығармайды. Алайда мұндай жағдайдың өзін теріс деп бағалайды: "Мейлі, бірен-саран жағдайда бұл қысым жұмыс істесін делік. Бірақ мұндай жағдайда некені қалай “нормалды отбасы” деп айта аламыз? Егер бір адам отбасында зорлық көрсетсе, не опасыздық жасаса, не жалқау, жауапсыз болса, ал екінші адам бұған төзгісі келмесе — тек төзбегені үшін салық төлеуі керек пе?"

Ол мұндай тәсілді «ультраконсерваторлар үшін үйреншікті дүние» деп сипаттайды.

"Қысым жасау, мәжбүрлеу, сындырып, бағындыру — олар үшін табиғи дүние. Бұл — кәдімгі ортағасырлық тәсіл. Бірақ бұл қазіргі заманның нормасы болмауы керек", — дейді саясаттанушы.

Оның ойынша, ұсыныстың тағы бір қауіпті жағы — жастардың неке қиюдан бас тартуына түрткі болуы мүмкін.

"Егер ажырасудың салдары — қаржылай жаза болса, жастар: “Не үшін үйленемін, кейін салық төлейтін болсам?” деп ойлайды. Сөйтіп, неке қоғамдағы сенімді институт ретінде әлсірей бастайды", — деп атап өтті ол.

Сарапшы Ардақ Назаров ажырасқан адамдарды жазалау арқылы отбасын сақтап қалуды емес, қазақ қоғамындағы отбасы институтының дамуын тежейтін қадам ұсынып отыр деп есептейді. Мұндай мәжбүрлеу – отбасыны сақтау емес, керісінше, оның табиғи дамуын тежеу.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар