Мәжіліс депутаты Айдос Сарым референдумнан кейінгі қоғамдық-саяси ахуалға баға беріп, әлеуметтік желідегі белсенділік қоғамның шынайы келбетін толық көрсете бермейтінін айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz Hronika.kz-ке сілтеме жасап.
Айтуынша, жаңа Конституция жобасын түсіндіру науқаны кезінде өзі бұл жұмысқа белсене араласқан. Депутат бір ай ішінде неше сұхбат бергенін нақты санамағанын, алайда бұл процеске барынша ден қойғанын жеткізді.
"Уәде еткендей, іске қосылдым. Сегіз өңірде болдым, көптеген кездесуге қатыстым", – деді Айдос Сарым.
Депутат құжаттың мазмұнына сенетінін, өйткені оған былтыр күзден бері тікелей атсалысқанын атап өтті.
"Біз ұялмай ұсынатын сапалы құжат жасадық. Сондықтан мұндай құжатты кез келген алаңда қорғау оңай", – деді ол.
Сұхбат барысында депутат билікке қарсы топтардың басты қателігі ретінде саяси үдеріске араласпай, сырттан сынаумен шектелетінін алға тартты. Оның пайымынша, саясатта субъект болудың бірден-бір жолы - шешім қабылдау тетіктеріне қатысу. Ал үнемі сыртта қалып, тек наразылықпен шектелу түптің түбінде тұйыққа тірейді.
Депутат әлеуметтік желідегі белсенділік туралы да өткір пікір айтты. Оның сөзінше, желідегі даурықпа пікірлер нақты қоғамдық салмақпен әрдайым қабыса бермейді.
"Әлеуметтік желі – қоғамның маргинал, яғни шеткері және саяси тұрғыдан пәрмені әлсіз бөлігі", – деді Айдос Сарым.
Сондықтан ол ондағы пікірлер шынайы қоғамдық қолдаумен әрдайым өлшене бермейтінін жеткізді.
Сондай-ақ депутат саясаттанушы Досым Сәтбаев туралы да пікір айтып, оның әлдеқашан сарапшылық алаңнан шығып, ашық саясатқа келетін уақыты жеткенін меңзеді.
"Досым Сәтбаев әлдеқашан жайлы аймағынан шығып, саясаткер болатын уақыты келді. Ол саясаттың ішінде жүріп, сарапшылықтың тасасына тығылып отыр", - деп қосты ол.
Сарымның сөзінше, кейбір сараптамалық тұжырымдардың өзінде саяси ұстанымы анық байқалады, сондықтан мұндай жағдайда бейтарап бақылаушы кейпінде қалу қисынсыз.
Бұдан бөлек, ол Қазақстанда демократия батыстық классикалық үлгімен емес, елдің өз саяси шындығына сай қалыптасатынын айтты. Оның пікірінше, елде жария саясат, азаматтардың нақты қатысуы және цифрлық тетіктерге сүйенген өзіндік саяси модель орнығуы мүмкін.
"Бельгиядағы не Италиядағыдай демократия бізде болмайды. Біз өз жолымызды саламыз", – деді ол.
Сұхбат соңында Айдос Сарым билікке балама болатын саяси күшке қоғамда сұраныс бар екенін де жасырмады. Алайда мұндай күштің қалыптасуы үшін тек ұран емес, жүйелі жұмыс, нақты платформа және саяси процеске шынайы араласу қажет екенін атап өтті.
