Мас жүргізушілерге кешірім жоқ: Айдос Сарым куәлігінен айырылғандарды рақымшылық тізіміне қоспауды талап етті

Қаракөз Амантай 01 сәу. 2026 12:21

Мәжіліс депутаты Айдос Сарым Қазақстанда жарияланған әкімшілік амнистияға қатысты депутаттық сауал жолдап, бірқатар маңызды мәселелерді көтерді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның айтуынша, бұл бастама – ел тарихындағы алғашқы әкімшілік амнистия және ол Мемлекет басшысының жаңа Халық Конституциясын қабылдауымен байланысты жарияланып отыр.

Депутат жақында Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында болған қайғылы жол апатын мысалға келтіріп, құқықтық жауапкершілік мәселесіне назар аударды. Ол аталған апат салдарынан үш адам қаза тауып, бірнеше отбасының тағдырына ауыр соққы болғанын еске салды.

"Балалар ата-анасыз қалды, ал ата-аналар өз перзенттерінен айырылды. Мұндай трагедиялар қоғамда үрей мен алаңдаушылық тудырады, заңға деген сенімді әлсіретеді", - деді Айдос Сарым.

Сондай-ақ ол мас күйінде көлік жүргізіп, адам өліміне әкелген жол-көлік оқиғалары үшін жауапкершілікті қайта қарау қажеттігін атап өтті. Депутат уәкілетті органдарға халықаралық тәжірибені негізге ала отырып, жазаны қатаңдату бойынша ұсыныстар енгізуді ұсынды.

Сонымен қатар Сарым әкімшілік амнистия бастамасының қоғам тарапынан жалпы оң қабылданғанын жеткізді. Оның пікірінше, бұл қадам әлеуметтік тұрғыдан осал топтарға жеңілдік беріп, "Әділетті Қазақстан" құру жолындағы маңызды шешімдердің бірі болуы мүмкін.

Алайда депутат амнистия аясында жүргізуші куәлігінен айырылған азаматтарға құқықтарын қайтару ұсынысына үзілді-кесілді қарсы екенін мәлімдеді.

"Біз бұған баруға моральдық тұрғыда құқылы емеспіз. Жүргізуші куәлігінен айырылғандардың басым бөлігі – заңды жүйелі түрде бұзған, мас күйінде көлік тізгіндеген, жол қозғалысы ережелерін елемеген адамдар", – деді ол.

Оның айтуынша, мұндай азаматтарға қайтадан көлік басқару құқығын беру қоғам қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіреді.

"Бұл – жай ғана құқық бұзушылар емес, бұл – әлеуетті қауіп көзі. Оларға қайта мүмкіндік беру арқылы ертең жаңа қайғылы оқиғаларға жол ашамыз", – деді депутат.

Айдос Сарым амнистия – мемлекет пен қоғамның гуманизм актісі екенін, алайда бұл қағида адам өміріне қауіп төндіретін әрекеттерге қатысты қолданылмауы тиіс екенін атап өтті.

Сондай-ақ ол заң қабылдау кезінде басты өлшем азаматтардың қауіпсіздігі болуы керегін айтты. Депутаттың сөзінше, егер қабылданатын шешімдер халықтың өмірін қауіпсіз етпесе, онда мұндай бастамалардан бас тарту қажет.

Ол көпшілік сайлаушылар да осы ұстанымды қолдайтынына сенім білдірді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove