"Алда қыруар жұмыс күтіп тұр". Айбек Дәдебай депутаттар алдында сөз сөйледі

"Алда қыруар жұмыс күтіп тұр". Айбек Дәдебай депутаттар алдында сөз сөйледі
видео кадры

Айбек Дәдебай жаңа Құрылтайдың төрағасы болып сайланып, депутаттар алдында сөз сөйледі, деп хабарлайды dalanews.kz.

"Ең алдымен, маған зор сенім артып, менің кандидатурамды Қазақстан Республикасы Құрылтайының төрағасы лауазымына ұсынған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа шынайы алғысымды білдіремін.Құрылтайдың барша депутатына да қолдағаны үшін рақмет айтамын. Бұл – мен үшін үлкен мәртебе әрі тарихи жауапкершілік. Президентіміз бүгін алдағы жұмыс бағытымызды және нақты міндеттерді айқындап берді. Елімізде жүзеге асып жатқан реформалар мен ауқымы бізден байыпты шешімдер мен кәсіпқойлықты және қажырлы еңбекті талап етеді. Сонымен қатар, әр заңның, әр шешімнің артында нақты мақсат тұр. Ол – еліміздің одан әрі дамуын қамтамасыз ету, мемлекеттігімізді нығайтып, азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыру. Бұл жұмыстың негізінде халқымыз жаппай қолдаған жаңа Конституцияның құндылықтары мен қағидаттары жатуға тиіс. Басты міндет – оң өзгерістер нәтижесі халықтың күнделікті өмірінен көрініс табатын, заң мен тәртіп орныққан Әділетті Қазақстанды бірге құру ісін жалғастыру", - деді ол.

Айбек Дәдебайдың пікірінше, Құрылтай еліміздің одан әрі жаңғыруына тың серпін беретін, конструктивті қоғамдық диалогқа жолашып, жаңа заманның сын-қатерлеріне лайықты жауап ұсынатын мінберге айналуға тиіс.

"Осы тұрғыда біз жұдырықтай жұмылып, алда тұрған міндеттерді абыроймен атқаруға бар күш-жігерімізді салуға тиіспіз. Алда қыруар жұмыс күтіп тұр.  Осы жауапты жолды бірге еңсереміз деп кәміл сенемін", - деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін депутаттар оның кандидатурасын жасырын дауыс беру арқылы қолдады.