Алаш үшін құрбан болған ардақтым

Dalanews 25 мам. 2017 07:53 1081

(Репрессия құрбаны Аябек Төлебаевтың 120 жылдығына)

 

Елбасы Н.Ә.Назарбаев рухани жаңғыру туралы бағдарламалық  мақаласында: «Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар», – деген болатын. Сондай бір тұлға – ауылымыздан шыққан ел ағасы, қуғын-сүргін құрбаны болған асылымыз, ардақты зиялымыз – Аябек Төлебаев. Бүгінгі ұрпаққа ел тарихының талайлы сын кезеңдерін, тәуелсіздігіміздің оңай келмегені туралы шынайы, бұрмаланбаған, ақиқатты жеткізіп отыру, сол жолда құрбан болған ел серкелері жайлы мағлұмат беру – өткен тарихқа тағзым, ұрпаққа тәрбие көзі.  Ел жадында қалған, есімдері аңызға айналған тұлғаларды жас буынның зердесіне жеткізу, дәріптеу, үлгі ету – бүгінгі бізге міндет.

 

Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе,

Ел тегі қайдан алсын кемеңгерді?!

– деп біртуар, саңлақ ақынымыз Ілияс Жансүгіров айтқандай, әр аймақ, әр ауылдың да есте сақтар, ерен ерлері болады. Сондай асылдардың бірі – Сырдария ауданы, Шаған елді мекенінің азаматы аяусыз жазаға ұшырап, «халық жауы» атанып, 1937 жылғы қуғын-сүргін құрбаны болған Аябек Төлебаев.

Ол 1894 жылы сол кездегі әкімшілік-территориялық бөлініске сәйкес Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Қызылорда ауданының №5 «Көкжиде» ауылында дүниеге келген. Ауыл молдасынан хат танып, тіл сындырған ол 1910 жылы 16 жасқа толар-толмаста күнкөріс қамымен Орынбор-Ташкент темір жол бойындағы Перовскіге келіп, өзбек көпестеріне жалдалмалы жұмысқа тұрады.

Бұйығы тіршілікке бейімделген ауыл баласы темір жол бойындағы төңкерісшіл рухы басым, өмір ағыны мүлдем өзгеше қала өміріне араласып кетеді. Қазан төңкерісінен кейін небәрі бір аптадан соң Перовскіде большевиктердің жеңіске жетуінің өзі көп нәрсені аңғартады емес пе?

Арпалысы мол алмағайып кезеңде иірімге түсіп кеткен ол еті тірілігінің арқасында өзгеше мақсаттағы, жаңа өмірдің өкілдерімен кездесіп, ой-өрісі  кеңейе түседі, жаңа өмір орнатуға белсене араласып, құлшына кіріседі. Оқуы аз болғанмен пайым-парасаты мол, ұйымдастырушылық қабілеті, харизмасы бар жан болғандықтан өз  маңына адамдарды топтастырып, уәлі сөзімен иландыра алатын қасиеті болған.

1923-1928 жылдар Шаған ауыл шаруашылық несиелік серіктестігін ұйымдастырады. 1928 жылы Қызылорда республика астанасы болып тұрған кезде арнайы жәрмеңке ұйымдастырушылардың бірі болған.

1928-1932 жылдары аудандық мал өнімдері шикізаттарын дайындау (райживсырье), 1933-1934 жылдары аудандық тұтынушылар одағында, 1934-1937 жылдары аудандық мал өнімдерін дайындау мекемелерінде қызмет атқарған.

Адамдарға жақсылық жасауды сауап сезініп, жүдеу-жадау ауылдастарының өмірін өзгертуге үлес қосуды борышы сезінген ол сол жылдардағы шағандықтар өміріндегі бар қиыншылық кезеңдерінде ғайыптан пайда болған құтқарушыдай келе қалып, түйткілді мәселелерді шешіп отырғанын көзі көргендер аңыз етіп айтып қалдырған.

Аябек Төлебаевтың тетелес інісі Тоқберген Төлебаевтың баласы, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры, марқұм Әмірбек Тоқбергенов бұл кісі туралы көзі көрген кісілердің естеліктерін, деректерін жинаған еді. Сол кісінің өтініші бойынша белгілі шежіреші, өлкетанумен айналысқан  Жолдасбек Адай Бөлекбайтегі, Баянбай Тұрлыбеков сынды азаматтар көзкөргендердің естеліктерін жинауға көмектескен. Сол естеліктерді ұсынғандардың бірі – Жүсіпәлі Омаров қария былай деп жазып қалдырған: «Ауылда 1929 жылғы байлардың мал-мүлікті кәмпескелеу желеуімен аша тұяқ қалмаған, қолдан әдейі жасалған 1932-1934 ашаршылық жылдарында әлдері келгендер, жүруге жарайтындар тамақ іздеп, босып кетті, қалғандарымыз далбасалап, не істерімізді білмей отырғанда төредей болып Аябек кіріп келді, ол қаладағы оралдық орыстардан ау сатып ала келгенін, мұз  ойып, балық аулап жан бағу керектігін айтты. «Айналамыздағы «Шалаукөл», «Соркөл», «Ақор» сияқты көлдер мезгіл ақпан айы болғандықтан тоң болып қатып жатқан, өзі бас болып, мұз ойып, балық ауласып, өз қолымен үй-үйге бөліп берді, бұдан әрі осы жұмысты ұйымдастыруды маған тапсырды. Кетерінде қар еріп, көк көрініп, мал жаюға мүмкіншілік болған кезде жүз қой әкеліп беремін, төлі сендердікі, сүтін бөліп ішіңдер, тек малдың саны кемімесін, өйткені малды үкіметтен несиеге аламыз, – деді. Уәдесінде тұрып, 100 қой әкеліп берді. Ол қойды ауылда Айтжанға бақтырдым. Бұл да болса халыққа көп сеп боп, ел риза болды».

1937 жылы Қазақстан КП (б) Орталық Комитеті қазан Пленумының қаулысымен қуғын-сүргін құрбандарын жаппай қамауға алып, лек-легімен жазалап жатты. Алдымен партия комитеттерінің бірінші хатшылары, зиялы қауымның бас көтерер серкелері, келесі кезекте аудандық партия комитеттерінің хатшылары, олармен қатынаста болды деп шаруашылық басшыларын қамауға алды.

Ел ішіндегі халықты соңынан ерте білген, көзі ашық ел ағаларына да «халық жаулары» деп жала жапты. Солардың бірі Аябек Төлебаев Оңтүстік Қазақстан облысы Ішкі Істер Халық Комиссариаты басқармасы «Үштігінің» 1937 жылғы қарашадағы қаулысымен «контрреволюциялық ұлтшыл Алашорда мүшелерімен байланыста болып, үкіметке қарсы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді» деп айыпталып, атуға үкім шығарылған (58-10-11 бап бойынша).

Тұтқындауға санкция берілгені туралы Қызылорда аудандық НКВД бастығы Свинаренко қол қойған анықтамада «әлеуметтік тегі – бай баласы, өкіметке қарсы топқа жетекшілік жасаған, аудан хатшысы Ходжаевпен қатысады, алашордалық «Ақжол» газетінің бұрынғы редакторы Иса Тоқтыбаевпен Қызылорда қаласында жасырын кездесті» деп жала жабылған.

1958 жылы қуғын-сүргін құрбандарын жаппай реабилитациялау туралы Қазақ КСР заңына сәйкес «Үштіктің» қаулысы,  сот үкімдері, тағылған айыптар негізсіз деп анықталып, ақталды. Осындай асыл ердің, жазықсыз жаланың құрбаны болған Аябек Төлебаевтың артында зайыбы Мәрия және Абылай, Қайсар атты екі ұлы қалған. «Халық жауының» баласы ретінде олар да көп қиыншылық көріп, өздері армандаған оқуларын аяқтай алмай, әділетсіздіктен зардап шекті. Бірақ «орнында бар оңалар» демекші, олардың балалары Қызылорда, Көкшетау, Астана  қалаларында тәуелсіз еліміздің игілігі үшін еңбек етіп, ата атына лайық өмір сүруде.

Ел ақсақалдары құрметпен «Аябек жайлауы», «Аябек арығы», «Аябек дүкені» атаған, өз қолтаңбасы қалған орындар қазірге дейін аңыз болып айтылады. Шаған ауылындағы бір көшеге есімі берілуі де  ел жадынан мәңгіге орын алғанының айғағы.

Тағдыр теперішін көріп, ғұмыры қысқа болған ел аяулысы туралы еске алуды парызымыз санадық.

Несіпжамал ӘБІЛДАЕВА

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар