Әкімдер мен мемлекеттік қызметкерлерді фотоға және видеоға түсіруге бола ма?

Әкімдер мен мемлекеттік қызметкерлерді фотоға және видеоға түсіруге бола ма?
magnific.com

Қазақстан заңнамасында азаматтарды қабылдау кезінде мемлекеттік қызметкерді фотоға немесе видеоға түсіруге тікелей тыйым салынбаған. Бұл туралы Жетісу облысы прокуратурасының мемлекеттік айыптауды қолдау және апелляциялық сатыға қатысу басқармасының прокуроры Дана Сәрсенбай мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Оның айтуынша, азаматтар әкімдіктерде, басқармаларда немесе мемлекеттік мекемелерде қабылдау барысында фото және бейнетүсірілім жүргізе алады. Алайда мұндай әрекет қабылдау процесіне кедергі келтірмеуі және өзге азаматтардың құқықтарын бұзбауы тиіс.

– Қазақстан Республикасының заңнамасында азаматтарды қабылдау кезінде лауазымды тұлғаны фотоға немесе видеоға түсіруге тікелей тыйым салынбаған. Дегенмен түсірілім қабылдаудың қалыпты өтуіне кедергі жасамауы, басқа адамдардың құқықтарын, сондай-ақ дербес деректерді қорғау туралы заңнама талаптарын бұзбауы қажет, – деді Дана Сәрсенбай.

Сондай-ақ прокурор лауазымды тұлғаның бейнесін пайдалану мен тарату кезінде Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 145-бабының талаптары ескерілетінін атап өтті.

Мамандардың айтуынша, фото немесе бейнематериалдарды жариялау барысында онда көрініс тапқан адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін сақтау маңызды.

Осыған байланысты азаматтарға түсірілім жүргізген кезде қолданыстағы заңнама талаптарын сақтап, өзге тұлғалардың жеке деректеріне қатысты жауапкершілікті ескеруге кеңес беріледі.