Меркі ауданы әкімнің орынбасары Мейіржан Сүлейменов өзінің басшысының жайлы орнын иеленуге 50 мың доллар бермек болыпты. Басшы болудан дәмелі шенеуніктің телефонмен сөздері ұлттық бюроның қолына тиген. Өз кезегінде Меркі ауданы әкімінің орынбасары Мейіржан Сүлейменов:
– Енді телефонмен кім не айтпайды? Сондай әңгіме болған шығар. Иә, Алматыға ауысамын деген жұмыстар болған. Бірақ ол жерде жолдастармен салмақты әңгіме болған емес. «Сатып аламын, осыншама ақша беремін» деген. Ойнап, достармен бір жерде айтқан шығармын, – депті шімірікпестен.
Ойнаса да, ойындағысын айтқан Мейіржан Сүлейменовтің ісі әдеп кеңесінде майшаммен қаралды.
Шенеунік қылығына жауап бере алмай әбден састы. Айта кететін жағдай, атқамінердің әкімнің орнын сұрағаны кездейсоқ анықталған. Яғни, басқа бір іс бойынша күдік туғызған Сүлейменовті ұлттық бюро өкілдері бақылауға алыпты.
Оның телефонын тыңдау барысында орынтақ саудасы жөніндегі әңгіме әшкере болған. Ал оған қызмет әперуге уәде еткен өңірге танымал кәсіпкер болып шықты. Оның тағдыры әзірге белгісіз. Белгілісі, әдеп кеңесі Сүлейменовті қызметінен төмендету жөнінде ұсыныс берді.
Дегенмен соңғы шешімді Меркі ауданы әкімінің өзі қабылдайды. Мейірхан Өмірбековтің өзін қызметтен ығыстырғысы келген орынбасарына қандай шара қолданатынын уақыт көрсетеді.
Әкім орынбасарының не айтқаны жайында Жамбыл облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің аса маңызды істер жөніндегі офицері Қайрат Дүнбаев:
– Рустамбеков айтады, сенің мәселең шешіліп жатыр, солай-солай деп. Бұл кісі жауап береді. Сұрайды. Тағайындалған кезде 200 мың доллар болмай ма, үстеме сұрамайма, азар болса 50 мың шығар бере алатыным, кейін оны қайдан шығарып аламын деген сияқты әңгімелер. Сондай бірнеше әңгіме. Шөленбаев Бақытқан деген кісімен. Нақты тағайындалу бойынша. Аудан әкіміне, – деді.