Ағаттықтың кесірі (әңгіме)

Жарбол Кентұлы 10 қыр. 2024 12:28 1107

Ермек ауруханадан кеше шықты. Оң аяғын гипстелген. «Жазым болса, айранға тіс сынады» деген рас екен. Көршінің үйімен екі арадағы шарбақтан секіріп аяғын сындырып алған болатын.

Күнінен он қоршаудан секіріп, ортекедей ойқасып жүрген Ермек бір күнде мүсәпір күйге түсіп қалды. Негізі тегіс жерге түссе аяғы сынбас еді. Асығып, секіре салып еді. Енді соның зардамын тартып отыр.

Алғашқыда аяғы сынғанын етқызулықпен сезбей біраз жер жүргені есінде. Одан кейін сынған жері қатты ауырғанда көзінен ыстық жастың қалай ыршып шыққанын өзі де байқамай қалды. Бұдан кейін бірге алысып-жұлысып ойнап жүрген достары Елжас пен Сәуірбек шанаға салып, Ермекті озандатып үйіне алып келді.

Ермек ауласына жылап кіргенде үйдегі анасы жүгіріп шығып, баласын айналып-толғанып жанын қоярға жер таппаған еді. Дереу қялы телефонымен жұмыста жүрген әкесін шақырып, аудан орталығындағы ауруханаға алып кеткен-ді. Ол жақта дәрігерлер оған екпе салып, ұйықтатып тастап, сынған аяғын қалыпқа келтіріп, гипстеп тастады.

Ермек есін жиғанда оң аяғын ауыр таспен шегендеп тастағанын сезді. Осылайша аптадан аса ауруханада жатты. Ары-бері қозғалуға мүлде болмайды. Аураханада жатқан кезінде анасы қасында болып, аналық мейірімін көрсетті.   

Енді бірнеше күннен бері кең диванға көміліп, теледаидардың алдында отыр. Үйіне келгелі жүдеу, боп-боз жүзін қан жүгіріп бір жасап қалды.

Ойын баласына ойыннан қалғаннан өткен қиындық жоқ екен.

Ермектің азаннан кешке дейін теледирадың алдында таңылып отырғаны әке-шешесіне қатты батты. Міне, әкесі де келді.

– Әке, көтерші, белім ауырды, – деді жалынышты үнмен.

Әкесі баласын жайлап жоғары көтерді. Расында да жата-жата жон арқас сіресіп қалыпты.

Бесіктен белі шықпай жатып төсекке таңылған қандай қиын. Ауырмаса құлыншақтай құлдыраңдап шапқылап жүрмес пе. Ермектің санасында «мәңгілік осылай жүре алмай қалсам қайтеді» деген суық ой сумаң ете қалды. Ол өз ойынан қатты қорқып кетті.

Мектепке бармағанынан да 20 күнге таяп қалды.

Ермек осылай өз ойымен отырғанда сыртқы есік ашылды. Елжас пен Сәуірбек екен. Ермектің ауруханадан шыққанын естіп келіпті. Қолдарында қағазға ораған тәттілері бар.

Үшеуі ұзақ ойнады. Қайтарда Елжас пен Сәуірбек: «Тезірек тәуір бол!» деп қимай қоштасты. Әкесі сүйемелдеп, Ермек тұрып терезеден далаға қарады.

Елжас пен Сәуірбек ұлпа қарды тізеден кешіп, шана сырғанайтын төбенің жанындағы балаларға қарай кетіп барады.

Арттарына қайта-қайта қарап қояды...


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар