Елімізде АЭС салу мәселесі күн тәртібінен түскен жоқ. Экс-министр Болат Ақшолақов былтыр нысанды Алматы облысындағы Үлкен ауылының маңында салу жоспарланып отырғанын мәлімдеген еді.
Сондай-ақ, ол Қытай, Ресей, Корея, Франция сияқты елдерден жеткізішулердің тексерілген реакторлық технологияларының қысқа тізімі жасалып, яғни вендорды таңдау биыл анықталатынын да тілге тиек еткен. Енді бұл істі жаңа министр Алмасадам Сәтқалиев қолына алуы тиіс. Алайда, қоғамда «АЭС салынса, Балқаш көліне зияны тиеді немесе су көлемін азайтып жібереді» деген кереғар пікір көп. Жұрттың шындыққа жанаспайтын ақпаратқа сеніп, қаңқу сөздерге еріп кететіні түсінікті.
«Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС Атом энергетикасы бөлімінің инженері Асуан Сиябеков: «АЭС-те радиоактивті қалдықтар сыртқа шықпайды. Бірнеше контур болады. Сол контур бойында салқындатылады. Біз суды не үшін қолданамыз? Ең алдымен реакторды салқындату үшін. Бұл суды тоғандардан, жанындағы көлден аламыз. Контурдағы құбырмен жүретін су көл немесе тоғандағы сумен жанаспайды. Сондықтан «радиоактивті қалдықтар Балқаш көліне құйылады» деген пікір дұрыс емес» дегенді тәптіштей жеткізді.
Оның айтуынша, АЭС Балқаштың суын азайтпайды.
«Әлбетте, АЭС реакторына Балқаш суы пайдалануы мүмкін. Бірінші, Балқаш суын пайдалануға болады, екінші құрғақ градирня арқылы суытуға болады. Егер суды Балқаш көлінен тікелей алсақ, әлдеқайда тиімдірек. Бұрын 2 және 2+ реактор пайдаланылды. Ал бүгінде апатты жағдай болдырмас үшін реактордың қауіпсіз 3+ буынына көшіп жатыр. Бұлар балқып кетпейді, радиоактивті қалдықтар сыртқа шығып кету қаупі жоқ, сумен жанаспайды» деген пікірде.
Ал бұл тұрғыда мамандар мен тиісті салаға жауап беретін мекеме басшылығы не дейді?
Мәселен, Алматы облысы бойынша Экология департаментінің басшысы Қонысбек Ескендірұлы: «Мұның бәрі АЭС сияқты страгетиялық нысанды салу барысында ескеріледі деп ойлаймын. Адам денсаулығына, су ресурсына зияны жоқ болғаннан кейін қабылданған шешім ғой. Адамзат тіршілігіне, қоршаған ортаға, өсімдік пен жануарлар әлеміне, су ресурстарына әсері қандай? Қазір әлі де болса ғылыми зерттеу жұмысы жүргізілуі қажет. Ал мамандар тарапынан Балқаш көліне зияны тиеді, су деңгейі азайып кетеді дегенді естімедім. Су ресурстарын басқару комитеті мен Экология комитеті шетел тәжірибесін жинақтап, зерделеп жатыр. Бұл мәселе әлі де нақтыланады», – дейді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың География және табиғатты пайдалану факультеті, ЮНЕСКО және тұрақты даму кафедрасының профессоры Жұманәлі Еркінбекұлы Қазақстанда 2040 жылға дейін ауыз су тапшылығы 5 млрд тоннаға жететінін айтты.
«Өйткені, судың 50 пайызы Өзбекстан, Қырғызстан, Қытайдан келеді. Олардың да халқының саны өсіп жатыр, өздерінен артылмайды. Кезінде елімізде қорғасын, мырыш концентратын шығарған шахталар болды. Оның тереңдігі 1 шақырымға жетті. Арна бұзылып, судың көздері шахтаға құйылады. Бір шахтадағы толған суды шығаруға 6 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалады. Ойлай беріңіз, Қазақстанда қаншама шахта бар. Ауыз су тапшы болғанда онсыз да сол суды жер астынан шығаруға тура келеді. Бізге энергия көзі керек. Әлем бойынша уран өндіруде бірінші орындамыз. Бірақ суға жарымай, экономика құлдыраса не боламыз? Демек, АЭС салуға болашақ өмірдің өзі мәжбүр етіп отыр. Ал баламалы энергия көздерін жаңғыртайық десек, жел Қазақстанның барлық жерінде үздіксіз соқпайды. Оған қоятын электр станциясының күші жетіспейді. Құлама су болса – тапшы. Күннен өндіру үшін таза кварц керек. Ол – қымбат. Егер бәрін ойластырып істесек, қоршаған ортаға, Балқашқа зияны тимейтіндей амалын жасауға болады. Өндіріске қажетті су тұщы болуы керек Сондықтан АЭС салудан басқа жол жоқ. Таразыға салсақ, АЭС-ке жүгінеміз. Айналасы 50 жылда мұнай қоры таусылады. Қазір қаржы көзі бар кезде елімізде неге энергиямен қамтамасыз етіп алмасқа?»
Сондай-ақ, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің философия және саясаттану факультеті, әлеуметтік жұмыс кафедрасының профессоры Мәнсия Садырова да атом электр станциясының дүние жүзінде қолданылып жатқан ауқымды стратегиялық құрылым екеніне екпін түсірді.
«Әлемнің 30-дан астам елінде бар. Халық арасында АЭС-тың пайдасын, оның қаншалықты қоғамға беретін оң әсерін, қаншалықты экологияға тиімді екенін түсіндіретін шараларды жалғастыра берсе, халықтың ой-пікірі оңалады деп ойлаймын. АЭС салу – заманның талабы. Дүниежүзілік алпауыт елдер энергияны осы дүниеден алып, қолданып отырғалы қай заман. Ол бізге керек. Атом энергиясы – таза энергия. Негізінен біздің қазіргі қолданып жүрген энергия көздеріне қарағанда АЭС арқылы алынған энергияның экологияға зияны керісінше аз»
Демек, елімізде электр энергиясы тапшылығын алыстан-ақ көріп, біліп отырған мамандар АЭС салудың қажеттігін тап басады. Қоғамдағы түрлі қаңқу сөздердің де миф екенін білетін олар мұның бәрін жұрт уақыт өте келе жете түсінеді дейді.