"Әбішұлының қадіріне жетпедіңдер". Млн оқырманы бар elbasy_live парақшасы жаңа Қазақстанға өкпелі

Dalanews 09 қар. 2023 05:54 1109

Іnstagram желісінде 1 миллион оқырманы бар elbasy_live парақшасында соңғы кезде жаңа Қазақстандағы оқиғаларға қатысты түрлі қағытпа пікірлер мен табалау жазбалары көбейді деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұған дейін DALA INSIDE телеграм арнасы отандық блогосферада (фейсбук, ютуб, телеграм) Нұрсұлтан Назарбаевтың кезіндегі еңбегін әспеттейтін PR кампания жүретіні туралы жазған еді. Инсайдерлік ақпаратқа сенсек, пиар кампанияның концепциясы дайын.

Elbasy_live-тегі парақшасындағы жазбалар соның бастамасы сияқты.

Аңдасақ, аудиториясы миллионға жетіп жығылатын парақшаның контенті – «Назарбаевтың кезінде бақытты өмір сүрдіңдер, заман тыныш болды. «Елбасының» қадірін біле қоймадыңдар, енді өз обалдарың өздеріңе» деген месседжге құрылған. Тіпті «АрселорМитталдағы» қайғылы жағдайда да парақша халықты табалауын тоқтатпапты.


«Қара сумен жүрген халықты балға жеткізіп еді. Барыңды бағалай алмадыңдар. Енді жарқырап өмір сүргендеріңді көрейік. Қарағанды металлургия комбинатын басқара алатын бір қазақты таба алмай жатырсыңдар ма? Назарбаевқа шүкіршілік қылмап едіңдер, көріңдер енді көретіндеріңді»,-делінген.



Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаевтың мешітте сөз сөйлеп тұрған видеосына:

«Әрбір топты алауыздыққа ұшыратпай бір қылып ұстағаныңыз үшін сізге қарыздармыз. Сіз орныңыздан кеткелі жік-жікке бөлініп, бірлігімізге сызат түскендей...», «Назарбаевтың кезінде өздеріңнің кім болғандарыңды ұмытпаңдар!»,-деп жазған.



Енді бір жазбада "Қазақстан халқының 80 пайызы Назарбаевты жақсы көреді" деген мәлімдеме жасайды.



Сондай-ақ, хиджап дауына қатысты Аида Балаева мен Ринат Зайытовтың ресми парақшаларын белгілеп «Халықтың қуаты бірлікте, бірлікті құртпай тыныш жүріңдер» деп жазады. Дәл сол жазбаға ҰҚК ресми парақшасын да тегтей отырып: «Ұлттық қауіпсіздік қызметі есіктерді сындыра бермей, дұрыстап жұмыс жасасын» деген.

Сондай-ақ, Мәсімов пен Мемлекеттік хатшы Ерлан Қаринге қатысты да ауыр айыптаулар жазылған.

«А то что Ерлан Карин с Масимовым привез в Казахстан целую орду из Сирии как понять? Получается сами увеличиваете?»,-дейді.

Жазба астындағы пікір жазушылардың басым көпшілігі тұңғыш президентке наразылықтарын білдірген. Бір қызығы, парақшаны шолып отырсаңыз саяси оқиғалар, экс-шенеуніктердің ұсталуы, ескі де жаңа Қазақстанның билік басындағы тұлғаларына бағытталған сарказмдар мен түрлі көңіл-күйді аңғаруға болады.

https://dalanews.kz/saraptama/95108-qarmetkombinat-kimge-buyyrady

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар