"Еліміздің әр өңірінде тұратын Семейліктер облыстың логотипін мақұлдап, өңірде той томалақтан басқа қандай жұмыстар атқарылды?", – деп ара-тұра сұрап қояды.
Иә әлеуметтік желіде осы екі тақырып қызу талқыланды десек артық айтпағанымыз болар. Содан болар өзге аймақтағылар Абай облысында атқарылып жатқан басқа жұмыстардан хабарсыз қалған сияқты. Әлде ақпарат жетпей жатса керек.
Маусым айының 11-і күні Абай облысының әкімі болып Нұрлан Ұранхаев тағайындалды. Соңғы жылдары Астана қаласында еңбек еткен. Еліміздегі бас шаһардың сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы болған.
Содан, Астана көрген семейлік азамат өңірдің тыныс-тіршілігімен танысу үшін, облыс орталығына қарасты аудандарға ескі Қазақстандағы әдет бойынша, кейбір басшылар сияқты тік ұшақ пен емес, автокөлікпен барып, тас жолдың сапасын байқап қайтты. Тақтайдай емес, ойдым-ойдым, шұңқыр-шұңқыр екеніне көз жеткізді.
Жолдың нашарлығы жайлы Абай облысының мәслихат хатшысы Қуаныш Сүлейменов тиісті орынға хат та жолдады.
Жалпы өңірдің туристік әлеуеті жоғары десек, сол демалыс аймақтарға баратын жолдың сапасы сын көтермейтіні белгілі. Жыл сайын Семей-Үржар бағыты бойынша тас жол тақтайдай болады деген ақпар желдей ескенмен, іс жүзінде әзірге орындалмас арман болып тұр.
Міне жылда Алакөлге барып дем алатын миллионға жуық демалушылар мен жергілікті тұрғындардың сапалы тас жолмен жүруіне жағдай туғызу енді өңір басшысы алдындағы басты міндеттер болмақ. Ал Семей қаласындағы жолдардың мәселесі де өзекті екені белгілі.
Кезінде Хакім Абай, Қаныш, Әбекей Сәтпаевтар тұрған шаһардың ескі һәм тарихи Тат край аталатын шағын аудандардың ширек ғасыр жөнделмеген жолдарына асфальт төселіп, жергілікті тұрғындар «облыс болғанымыз қандай жақсы болды» деп қуаныштарын білдіруде.
Жасыратыны жоқ, Семейде отбасымен демалып серуендейтін саябақтар аз. Шаһардағы 1 миллиард теңгеден астам қаржы кетіп, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген жалғыз орталық парктің өзі көңіл қуантарлық жағдайда емес.
Содан болар Нұрлан Телманұлының бастамасымен Семейде жаңа қоғамдық демалыс орны пайда болды. Аспалы көпір астында ашылған демалыс орнында скейт парк, паркур және воркаут, фитнес аймақ және балалар ойын алаңдары бар. Бұл қала тұрғындары үшін үлкен сый болды. Және шаһардың басқа шағын аудандарында да жаңа демалыс аймақтары пайда болмақ. Сонымен қатар қалада хоккейге арналған мұз айдыны іске қосылмақ.
1961 жылы салынған Семейдегі ескі көпірдің сапасы жайлы жыл сайын айтылып, апатты жағдайдағы нысанға жыл сайын орташа жөндеу жұмыстары жүріп келді. 2022 жылдан бастап Ұзындығы 810 метр болатын төрт жолақтан тұратын жаңа көпірдің құрылысы басталды. Жоба 2025 жылы аяқталуы тиіс. Көпір құрылысынан бөлек Абай облысын дамытудың алдағы 5 жылға арналған кешенді жоспары жасалды.
Осы жоба негізінде Алаш қаласы атанған Семейдің сол жағалауында тіршілік қыза түспек. Алдағы уақытта Жамбыл көшесінен «Пищевик» стадионына дейін жағалау салу жоспарланған.
Жобалардың қатарында конгресс холл, жаңа Оқушылар сарайы, Мұз сарайы, облыстық аурухана, жұқпалы аурулар ауруханасы және Президенттің тапсырмасына сәйкес жылу электр орталығы салынбақ. Сондай-ақ облысқа қарасты аудан және ауылдық елді мекендерде мектептер, балабақшалар, инфрақұрылым, емханалар құрылыстары іске аспақ.
Бір кездері Қазақ аяқ добының отаны Семей қаласында сол кезде отызда орда бұзған қазіргі облыс әкімі Нұрлан Ұранхаевтың іскерлігі, Ғалымжан Жақияновтай басшының арқасында «Елімай» футбол командасы еліміздің үш дүркін жеңімпазы атанғаны көпшіліктің есінде болар.
Алайда қала облыс мәртебесінен айырылғаннан кейін, шаһардың дамуы мен қатар футболда құрдымға кетті. Биыл 25 жылдан кейін жеке облыс болған Семей шаһарында аңызға айналған «Елімай» футбол командасы қайта құрылып, жаңғыру дәуірін басынан өткеріп, 2023 жылдан бастап бірінші лигада өнер көрсетуге мүмкіндік алды.
Иә, Семей шаһарымен қатар, Абай облысына қарасты аудандардың да инфрақұрылымы мен тыныс-тіршілігіне жіті көңіл бөлінуі керек. Ауылдар мен елді мекендерде ғаламтор мәселесі өзекті екені белгілі. 40 жыл ядролық қарудың зиянын тартып, қиын кездерді басынан өткерген Абыралы өңіріндегі Қайнар ауылындағы ауруханада дәрігер жетіспеушілігі жылдар бойы айтылуда.
Аягөз бен бұрыңғы Шұбартау ауданының орталығы- Баршатастың арасындағы тас жолдың сын көтермейтіні жылдар бойы айтылып келе жатса да, шешімін әлі таппады. Сол сияқты Семей-Көкпекті-Ақсуат бағытындағы жолда, көлік иелерін әбігерге салғаны қашан.
Иә атқарылар шаруа баршылық. Көк пен емес, шаң жол мен жүрген Нұрлан Телманұлы Абай облысына бір өзгеріс әкелер.
Демек жұрт айтып жүргендей тек той тойлап, логотиптерді талқылау мен емес, тұрғындарға қажетті барлық саланы қамтитын қыруар жұмыстардың басы басталғанын нақты істерден көре алудамыз.
Автор: Қуаныш Рахметоллаұлы