Дүниеге келмей жатып әкесінен айырылған Гүлжан бес жасынан қара жұмысқа араласуға мәжбүр болған. Себебі отбасының қалған екі мүшесі кемтар жандар: анасының көзі көрмесе, ағасы мүгедек арбасына танылған. Ал өзі соңғы кездері айтуға ауыз бармайтын жаман дертке шалдыққанымен, оның ем-домынан бас тартқан. Өйткені 20 жастағы Гүлжан емделуге кетсем, үйімдегі жандар қараусыз қалады деп алаңдайды. Күндердің бір күні әбден тозығы жеткен саман кірпіштен салынған үйді мекен етіп жатқан осындай ауыр қиыншылығы бар отбасы шаңырағына ел аузындағы, көппен мақтаулы бетперде таққан жігіт ғайыптан кіріп келіп, қуаныш сыйлады, деп жазады Dalanews.kz.
Аталған оқиға видеосымен қайырымдылық жасаушы жігіт Instagram-дағы жеке парақшасында бөлісті.
Гүлжан жуырда жасалған отадан кейін өзіне ауыр диагноз қойылғанын біліпті. Алайда ол химия терапиядан бас тартқан, онысын үйдегілерден жасырған, өйткені жақындарына қарайтын басқа адам жоқ. Отбасы қандай да бір ыңғайлылық қарастырылмаған саман кірпіштен салынған үйді жалдап тұрып жатыр екен.
Бетпердедегі жігіт оларға баспана сыйлап қана қоймай, сонымен қатар өз істерін ашу үшін және Гүлжанның Үндістандағы еміне де ақша берді. Желіде жарияланған видеода бұл оқиғаның қалай аяқталғаны сипатталады.
"Мен үнемі өзімді емес, анам мен ағамда үй болса деп армандайтынмын. Енді бізде "дұрыстап өмір сүруге болады" деген үміт оты тұтанды", - дейді көз жасына ие бола алмаған Гүлжан.
Видеода қайырымдылық жасаушы жігіт бүгіндері Гүлжанның Үндістанда екенін, қажетті ем-шараларды алып жатқанын да нақтылай кетті.