Каспий теңізінде суасты құбыры зақымданып, мұнай төгілген. Оқиға Әзербайжанға жақын маңда болған, деп хабарлайды dalanews.kz.
SOCAR компаниясының мәліметінше, 19 маусымда "Азнефть" өндірістік бірлестігінің мамандарына Дюбенди жағажайы маңында ластану белгілері байқалғаны туралы хабар түскен. Алғашқы тексеріс кезінде теңіз бетінен мұнай дағы анықталған.
Бастапқыда бұл қайдан шыққаны белгісіз болған. Кейін мұнай суасты құбырынан тарағаны белгілі болды.
Алдын ала мәлімет бойынша құбыр кеме зәкірінің соққысынан зақымданған. Осыдан кейін бұл учаске арқылы мұнай тасымалдау тоқтатылған.
Оқиға салдарын жою үшін жедел штаб құрылды. Қазір жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Компания өкілдерінің айтуынша, жұмыстар Әзербайжанның Төтенше жағдайлар министрлігі және "Азнефть" өндірістік бірлестігімен бірлесіп атқарылып жатыр.
SOCAR (Әзербайжанның мұнай компаниясы - еск.) жағдай толық бақылауда екенін мәлімдеді.