3,5 млн қазақстандық онкологияны ерте анықтайтын скринингтен өте алмай отыр – Аймағамбетов

Қаракөз Амантай 24 жел. 2024 11:14 891

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов 3,5 миллион қазақстандық онкологияны ерте анықтайтын скринингтен өте алмай отырғанын жеткізді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

“3,5 миллион азаматымыз онкологияны ерте анықтайтын скринингтен өте алмай отыр, себебі олар МӘМС-ке жарна төлемейді. Бұл — бүгінгі күннің шындығы. Бірақ қатерлі ісік — ұзақ уақыт бойы еш белгі бермейтін қауіпті ауру. Ал алғашқы белгілері пайда болғанда, көп жағдайда тым кеш болып жатады: метастаздар, ауырсыну, жоғалған өмірлер”, - деп жазды депутат әлеуметтік желідегі парақшасында.

Асхат Аймағамбетов мәселені шешу үшін бір жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеліп жатқанын атап өтті.

“Бұл тек статистика емес — бұл мыңдаған отбасының трагедиясына айналуы мүмкін. Бұл біздің достарымыз, көршілеріміз, туыстарымыз. Бұл мәселені шешу үшін бір жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келеміз. Жақында барлық азамат үшін, оның ішінде МӘМС-ке жарна төлемегендер үшін де, онкологиялық скринингті қолжетімді етуді қарастыратын түзету енгіздік. Иә, бұл қосымша қаржы талап етеді, бірақ бұл көптеген адамның өмірін құтқарады”, - деді Аймағамбетов.

Ол қатерлі ісікті ерте кезеңде анықтау мемлекетке кеш анықталған жағдайларды емдеуге жұмсалатын шығындарды азайтуға мүмкіндік беретінін айтты.

“Адамгершілік тұрғысынан бұл — дұрыс шешім. Ал экономикалық тұрғыдан бұл — прагматикалық қадам. Себебі қатерлі ісікті ерте кезеңде анықтау мемлекетке кеш анықталған жағдайларды емдеуге жұмсалатын шығындарды азайтуға мүмкіндік береді. Денсаулық сақтау министрінің біздің осы бастамамызға белсенді түрде қолдау көрсетіп жатқаны қуантады. Үкімет те өз қорытындысын беріп , бұл бастамамызды қолдады. Келесі жылы бұл заңды қабылдап, мыңдаған адамның өмірін құтқара аламыз деп жоспарлап отырмыз. Бұл жай ғана сандар емес. Бұл — біздің азаматтарымыздың өмірі”, - деп қосты ол.

Айта кетейік, мәжіліс депутаты, “AMANAT” партиясы фракциясының мүшесі Асхат Аймағамбетов елдегі маңызды мәселелерді жиі көтеріп келеді. Жақында ол жұмыс орындарындағы еңбек қауіпсіздігі мәселесіне назар аударған еді.

Қазақстанда 2024 жылдың басынан бері 1 232 өндірістік жарақат алу жағдайы тіркеліп, оның 251-і адам өлімімен аяқталған. Депутаттың айтуынша, оқиғалардың 24%-ы еңбек қауіпсіздігі ережелерінің сақталмауынан туындаған.

“Бұл жай ғана статистика емес. Әр санның артында адам өмірі тұр. Әкелерінен, аналары мен ұлдарынан айырылған отбасылар бар. Мұндай жағдайлар кездейсоқтық емес. Бұл – қауіпсіздік ережелерін елемеудің тікелей салдары. Ең өкініштісі, еңбек қауіпсіздігі талаптарын бұзғандардың жартысына жуығы тек ескерту алумен шектеледі. Бірақ мұндай ережебұзушылық адам өліміне әкелсе ше? Кім жауап береді?“, – деді Аймағамбетов.

Оның айтуынша, осы жағдайларды ескере отырып, жаңа заңнамалық өзгерістер енгізілген. Енді еңбек қауіпсіздігі ережелерін бұзғандарға нақты әрі әділ жаза қарастырылады.

Негізгі өзгерістер:

– Ескертулер толық алынып тасталды;

– Айыппұл көлемі өсті:

• алғаш рет бұзғандарға – 20-дан 120 АЕК-ке дейін;

• қайталанған жағдайда – 40-тан 240 АЕК-ке дейін.

“Бұл айыппұлмен ақша жинау емес. Бұл – әділдік орнату және жұмысшылардың өмірін қорғау жолы. Адал жұмыс берушілер үшін алаңдауға негіз жоқ. Жаңа талаптар тек еңбек қауіпсіздігін елемейтіндерге қатысты”, – деп атап өтті депутат.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар