35 жасқа дейінгі қазақстандықтар үшін жаңа мүмкіндік – «Jas Keñes Sıylığı» байқауы басталды

Ақтоты Жапатова 17 шіл. 2025 11:25

Елімізде «Жас кеңес» сыйлығына өтініштер қабылданып жатыр. Конкурсты Президент жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңес ұйымдастырып отыр. Жас мамандарға арналған бұл конкурс биыл екінші рет болмақ. Конкурске кімдер қатыса алады және бұл конкурс несімен ерекше? Бұл сұрақтарға жауап алу үшін Dalanews.kz тілшісі Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің басшы орынбасары Ескулов Пердебек Сержанұлымен сұхбаттасты.

«Jas Keñes Sıylığı» конкурсына кез келген салада еңбек ететін 35 жасқа дейінгі азаматтар үміткер бола алады.

"Байқауға 14 пен 34 жас аралығындағы Қазақстан азаматтары қатыса алады. Жоба түрлі салада белсенділік танытып жүрген жас мамандарды қолдауға бағытталған. Қатысушылардың арасында тазалық саласының қызметкерлері мен құтқарушылардан бастап, білім мен ғылым, денсаулық сақтау, ақпараттық технологиялар, креативті индустрия, атом энергетикасы, ауыл шаруашылығы мен өндіріс өкілдері бар", - дейді Пердебек Сержанұлы.

Маманның айтуынша, биыл номинациялар саны артты – бұрынғы 7 аталымға 3 жаңа бағыт қосылып, жалпы 10 номинация бойынша үздіктер анықталады. Атап айтқанда:

  • «Janqıarlyq» – ішкі істер және қарулы күштер саласының қызметкерлеріне,

  • «Altyn jürek» – медицина саласына,

  • «Önerkäsıp» – өнеркәсіп саласына,

  • «Bolaşaq turaly qamqorlyq» – әлеуметтік қызметкерлер мен еріктілерге,

  • «Bılım jäne Ğylym» – білім және ғылым саласының мамандарына,

  • «Qaisar» – төтенше жағдай қызметкерлеріне,

  • «Altyn qol» – жұмысшы мамандық иелеріне,

  • «Zharyq» – энергетика саласына,

  • «Örken» – агроөнеркәсіп саласына,

  • «Örleu» – ақпараттық-коммуникациялық технология саласының үздіктеріне арналған.

"Барлық номинация – маңызды, себебі олар жастардың дамуын, қоғамға қосар үлесін және белсенділігін көрсетеді. Бұл байқау — әр жастың өз қабілетін танытып, мойындалуына мүмкіндік беретін тамаша алаң", - дейді Ескулов Пердебек.

Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің басшы орынбасары конкурстық іріктеу 3 кезеңнен тұратынын еске салды.

"Алдымен өтінімдердің толықтығы мен дұрыс толтырылуы техникалық тұрғыдан бағаланады. Екінші кезеңде комиссия мүшелері келіп түскен анкеталарды жеке-жеке қарап шығып, әр номинация бойынша кемінде бес үміткерден тұратын қысқа тізімді жасайды. Үшінші кезеңде осы үміткерлер комиссиямен офлайн немесе онлайн форматта сұхбаттасады. Сұхбат нәтижесіне қарай ең жоғары балл жинаған екі қатысушы әр номинация бойынша жеңімпаз атанады", - дейді ол.

Байқау нәтижесінде 10 номинация бойынша 20 жеңімпаз анықталады. Олардың әрқайсысы 1 миллион теңге көлемінде қаржылай сыйақыға ие болады.

Пердебек Сержанұлы бұл байқау жастарды қоғамдық белсенділікке және кәсіби даму жолына ынталандыратынын айтты.

"Бұл байқау жастарды нақты әрекетке итермелейтін, мақсат қою мен соған жетуге мүмкіндік беретін тиімді құрал. Қаржылай қолдау – үлкен мотивация: Көптеген жас үшін мұндай сома – өз идеясын жүзеге асыруға, жобасын бастауға немесе кәсіби біліктілігін арттыруға нақты мүмкіндік. Сонымен қатар, ол – еңбектің бағалануы. Бұл жасқа жауапкершілік пен сенімділік береді, сондай-ақ, келесі жолы қатысушылар саны артады", - дейді маман.

Пердебек Сержанұлының айтуынша, конкурс мақсатының бірі - еңбек адамдарын марапаттау.

"Сыйлық қазақстандық қоғам үшін маңызды салаларда жұмыс істейтін, күнделікті еңбегі мен ерлігі отандастарының көпшілігіне көрінбейтін жас қазақстандықтарды көтермелеу мақсатында беріледі", - дейді ол.

Пердебек Сержанұлы еліміздегі жас мамандарды конкурсқа қатысуға шақырды.

"Барша жас мамандар мен белсенді жастарды «Jas Keñes Sıylığı» байқауына қатысуға шақырамын. Байқау - бұл өз-өзіңді көрсету мүмкіндігі. Сенімді бол және белсенділік таныт, өз жұмысыңа сен, және басқа жастарға шабыт сыйла", - деп қорытындылады ол.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар