22 мың адам жылусыз қалды: Ахметов шұғыл түрде Риддерге ұшып келді

Dalanews 07 қар. 2022 05:40 739

Риддер қаласында "Риддер ЖЭО" АҚ-да апат болып, салдарынан 22 мың абонент жарықсыз қалды. Осыған байланысты қалада төтенше жағдай жарияланды. 

5 қарашада сағат 20:00-де "Риддер ЖЭО" АҚ-да күл шығару жүйесіндегі сорғы істен шығып, салдарынан № 1 қазандық агрегатының қосалқы жабдығы апатты түрде ажыратылды.

Салқындатқыштың температурасы жоспарланған +70 градуста +39 градусқа дейін төмендеді. Бүгінде қаланың 22 мыңнан астам абоненті үшін жылу беру төмендетілді.



7 қарашадан бастап оқушылар қашықтан оқиды, сонымен қатар, мектепке дейінгі мекемелер жұмысын тоқтатады.

Облыс әкімі Даниал Ахметов түнде шұғыл Риддерге келген. Ол апаттық жағдайды жою жөніндегі штабты басқарады. Штаб тәулік бойы жұмыс істейді.


Ресми мәлімет бойынша, қазіргі уақытта күл шығару жүйесінде қозғалтқыш ауыстырылды, іске қосу-жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. ЖЭО-ға қосымша 120 тонна мазут жеткізілді, отынды жөнелту жұмыстары жүріп жатыр.



Апатты жағдайды жою үшін "Қазмырыш" ЖШС ЖЭО-ға 20-дан астам қызметкер жіберіп, жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарына қосымша жабдықтар бөлді. Сондай-ақ, Өскеменнен көмек ретінде "Востоквзрывпром" ЖШС-нің 20 қызметкері келді.

"Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың жіктелуін белгілеу туралы" Үкіметтің 2014 жылғы 2 шілдедегі № 756 қаулысына сәйкес бұл апаттық жағдай жергілікті ауқымдағы ТЖ ретінде қарастырылады.

Жағдай әкімдіктің бақылауында.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар