Қазақстандағы кедейлік шегі 2025 жылдан бастап жаңа тәсілмен есептеледі. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпованың бұйрығында қамтылған, деп жазады Dalanews.kz.
"2025 жылғы 1 қаңтардан бастап кедейлік шегі мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға өтініш берген тоқсанның алдындағы тоқсанда есептелген орташа табыстың 35% мөлшерінде, бірақ көрсетілген тоқсан бойынша есептелген өңірлік күнкөріс деңгейінің 70% –дан төмен емес мөлшерде айқындалатын болады", делінген бұйрықта.
Бұған дейін ол мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға өтініш берген тоқсанның алдындағы тоқсанға есептелген ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70% мөлшерінде есептеліп келген болатын.
Бұйрық 2025 жылғы 6 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
Айта кетсек, бұйрыққа сәйкес, есеп енді тоқсан сайын жүргізілетін болады. Биылғы жылдың соңында орташа жалақы (медианды) көлемі 285 мың теңгені құрады, яғни жаңа стандарттар бойынша табысы 100 мың теңгеден төмен адамдар кедей саналады.
Бұған дейін Dalanews.kz "Қазақстандағы кедейлікті зерттеген Дүниежүзілік банк атаулы көмектен жемқорлық құрам тапқан" деген мақала жариялаған.