2025 жылдан бастап электр энергиясы айтарлықтай қымбаттау мүмкін

Dalanews 21 мау. 2024 16:54 3746

Қазақстандық электр энергетикасы Қауымдастығы электр энергиясымен қамтамасыз ету нарығындағы қазіргі жағдайға талдау жасады. Олардың айтуынша энергетикалық нысандарға қойылатын экологиялық және қаржылық міндеттемелерге байланысты аталған секторға айтарлықтай салмақ түсіретін өзгерістер күтіліп отыр. Бұл жерде жүздеген миллирад теңге қаражат құюды қажет ететін қосымша жүктемелер туралы сөз болып отыр. Ол шығынды коммуналдық тарифке қосылатын болса электр энергиясы үшін төлемнің күрт өсуіне әкеледі дейді ҚЭҚ. Биыл сәуір айында электр энергиясының бөлшек сауда нарығындағы  өзгерістеріне байланысты тариф заңды тұлғалар үшін арзандады. Алайда бұл қуаныш ұзаққа созылмайтын көрінеді. 

Электр энергетикасы секторындағы тариф саясаты бойынша алаңдауға негіз бар. Талдау көрсеткендей, биыл 1 сәуірден бастап энергиямен жабдықтаушы жеке ұйымдарды  бөлшек сауда нарығынан шығарудың өзі уақытша ғана нәтиже бермек. "Заңды тұлғалар үшін электр энергиясының тарифі төмендеді. Алайда сектор үшін алдағы қаржылық міндеттемелерді ескере отырып, коммуналдық төлемнің өсуін тежеп тұру ұзақ уақытқа созылмайды", - дейді Қазақстандық электр энергетикасы Қауымдастығы басшысы Талғат Темірханов.   

"Астана бойынша заңды тұлғалар үшін электр энергиясының тарифі  18%-ға төмендеуі байқалады. Бұл ел бойынша төмендеудің ең жоғары көрсеткіші. Орташа электр энергиясы үшін төлем заңды тұлғалар үшін Ақмола, Түркістан, Жетісу облыстары мен Шымкент қаласында 4,62-ден 16%-ға дейін төмендеді. Алматы мен Алматы облысында ең төменгі айырмашылық 1,2% құрады. Осы ретте тарифтің төмендеуі уақытша құбылыс екенін, көп ұзамай электр энергиясы бұдан әлдеқайда қымбаттайтындығын атап өткім келеді", - дейді Талғат Темірханов.  

Талғат Темірхановтың айтуынша  1 шілдеден бастап экологиялық заңнаманың қаржылық қамтамасыз ету жөніндегі  нормалары күшіне енеді. Заң талабына сәйкес бірінші санаттағы нысандардың жойылуы мүмкін. Осы ретте бірқатар энергетикалық кәсіпорындардың арнайы есеп шоттағы 30-32 млрд теңге бір мезетте тырп етпей "қатып" қалуы болжанып отыр. Сарапшы пайымдауынша коммуналдық тарифке ең озық қол жетімді техниканы (ЕҚТ) енгізудің шығындарын қосуға мәжбүр болатындығын айтып отыр. Бұл экологиялық талапқа 19 стратегиялық энергия нысаны енген.

 

"Егер барлық талаптармен жүретін болсақ, онда электр энергиясы тарифінің өсуі экологиялық талаптарды орындау қызметіне ғана кетеді. Бұл кемінде жыл сайын 50% құрайды. Бұл жерде жыл сайынғы жөндеу шығындарын және отын сатып алу мен тасымалдау шығындарының өсуін есепке алынып отырған жоқ. Тек экологиялық шараларға кететін шығындар ғана есепке алынып отыр. Егер мемлекет энергетиктердің талаптарын қанағаттандыруға дайын болса, экологиялық іс-шараларды коммуналдық тарифке енгізу бойынша оны жүзеге асыруға дайынбыз. Ал аталған мәселе шешілмеген жағдайда, онда ЕҚТ енгізу бойынша реформа тек декларативті және қаржыландыру тұрғысынан нақты іске асыру орындалмай қалады", - деп атап өтті салалық қауымдастық басшысы.

Егер тариф жаңа экологиялық және қаржылық міндеттемелерді ескере отырып түзетілмесе энергетиктер эмиссияларға рұқсат алуда қиындықтарға тап болады. Яғни, келесі жылдан бастап нормаға сәйкес, салдарды жоюға қаржыландырудың болмауы,  энергетикалық кәсіпорынның жұмыс істеуіне тыйым салады. Салалық қауымдастық басшысының айтуынша, бұл жағдайда энергия беруші нысандар өз қызметін тоқтатуға мәжбүр болады.

"Қазір біздің алдымызда өте маңызды тәуекел тұр. Қазіргі белгісіздік жағдайдың өзінде энергетиктерге жүктелген қаржылық қамтамасыз етуді ескере отырып, тарифті реттеп алу қажет. Заңға сәйкес энергетикалық нысандарды жөндеу жұмыстары мен жалақымен қамтамасыз ету және стансаларға отын сатып алу шығындарын ескере отырып,  тарифті көтеру бойынша өтінімдер дайындалуы керек. Өтінімдер 1 қыркүйекке дейін қабылданады. Осы аралықта біз экологиялық міндеттемелерді тарифке қосуды немесе қоспауды анықтап алуымыз қажет. Егер біз оны қосатын болсақ, келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда электр энергиясы айтарлықтай қымбаттайды." - дейді Темірханов.

Қазақстан электр энергиясы нарығының 85%-ын қазақстандық электр энергетикалық Қауымдастығы құрайды. Бүгінде аталған Қауымдастық шығыны көп экологиялық нормалардың күшін жоюды немесе оны кейінге қалдыру бойынша ұсыныс хат дайындады. Тарифтің өсуін қалтасы көтере алмайтын тұтынушы сияқты энергия инфрақұрылымын жаңғыртуға қажетті қаржылық жүктемені энергия өндіруші кәсіпорындардың да жағдайы көтере алмай тұрғаны анық.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар