2024 жылы БҚДА монополияға қарсы 97 істі тергеп-тексерді

Кәмшат Тілеухан 08 қаң. 2025 15:29 525

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін, 8 қаңтарда ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің (БҚДА) төрағасы Марат Омаровты қабылдады. Агенттік төрағасы президент алдындағы есебінде 2025 жылға арналған жоспарды таныстырды, деп жазады Dalanews.kz.

Президент алдында Марат Омаров ведомствоның бақылау функцияларын орындауы жөнінде, оның ішінде былтыр қабылданған монополияға қарсы шаралардың нәтижелері туралы есеп берді. Сондай-ақ негізгі тауар нарықтарында шоғырлану деңгейін төмендету және "Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы" Жарлыққа сәйкес жекешелендіру бағытында атқарылған жұмыстар жайында баяндады. Оған сәйкес, агенттік монополияға қарсы 97 істі тергеп-тексеруді аяқтады.

Сондай-ақ 2025 жылға арналған жоспар таныстырылды. Үстіміздегі жылы агенттік монополиялық нарықтардағы бағаға бақылауды күшейтіп, тергеп-тексерулер мен нарықты талдаудың тиімділігін арттыру үшін заңнамаға тиісті өзгерістер әзірлеуді жоспарлап отыр. 

Марат Омаров агенттіктің цифрлық экожүйесін құру мен дамыту жоспарланып отырғанын жеткізді. Бұл жасанды интеллект технологияларына негізделген ақпараттық-сараптамалық жүйені, цифрлық портал мен талдау құралдарын қамтиды.

Қазақстан футбол федерациясының президенті ретінде отандық футболдың әлеуетін көтеру және еліміздегі балалар мен жасөспірімдер спортын қолдау жоспары да таныстырылды.

Кездесу соңында Президент бәсекелестікті дамыту бойынша бірқатар тапсырма берді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар