"Тау-кен секторы ел экономикасы өсімін әлі де тежеп отыр. Бұған, негізінен, еліміздің биыл мұнай өндірісі көлемін күрт қысқартуы себеп". Осылай деген Halyk Finance сарапшысы Нұрлан Қанжанов 2024 жылғы жалпы ішкі өнім көрсеткішісінің өсімі былтырғы деңгейден аспақ түгілі, оны қайталай да алмайтынын болжап отырғандарын айтады, деп жазады Dalanews.kz.
"Биыл Қазақстанда мұнай өндірісі көлемінің төмендеуі 2024 жылдың соңына қарай ЖІӨ өсу қарқынының одан әрі баяулауына әкеліп соғуы мүмкін. Яғни, өткен жылдың көрсеткішін игере алмай қалу қаупі бар. 2024 жылдың алғашқы 10 айының қорытындысы бойынша тау-кен өндірісі секторындағы өсім небәрі 0,3%-ды құрады. Біздің болжамдарымызға сәйкес, IV-тоқсанда бұл көрсеткіштің жылдық мәнде 1%-дан аспайды, бұл 2023 жылмен салыстырғанда мұнай өндірісі көлемінің қысқаруына байланысты. Экономиканың басқа секторларында, әсіресе қазір қарқынды дамып келе жатқан сауда-саттық саласында ағымдағы өсу мәндері сақталған жағдайда да, 2024 жылы ЖІӨ-нің жалпы өсімі өткен жылғы деңгейден айтарлықтай төмен болады деп күтіледі. Біз ағымдағы жылы 4%-дық экономиканың жоғары өсімі болады деп күтпейміз, 2024 жылдың соңындағы болжамымыз 3,9% деңгейінде қала береді", - дейді ол.
Оның айтуынша, тау-кен секторы ЖІӨ құрылымында айтарлықтай үлесті (14%) қамтып, жалпы экономикалық өсімді тежеуші фактор болып қала береді. 2024 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша аталған саланың нақты көлем индексі (НКИ) жылдық мәнде 0,3%-ға ғана ұлғайды. Төмен өсім қарқынының негізгі факторы шикі мұнай өндірісінің құлдырауы болды, ол өткен жылдың қазан айымен салыстырғанда 1,8%-ға төмендеді. Бұл жайт жалпы салаға айтарлықтай әсер етті, өйткені тау-кен өндірісінде мұнай өндірісі басымдыққа ие (71%).
"2024 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша саланың жалпы құрылымындағы 19% үлесті құрайтын металл кені өндірісінің (8,4% жылына) артуына байланысты сектор өсімінің теріс мәндерін болдырмауға мүмкіндік туды. Металл өндірудің оң динамикасына қарамастан, оның үлесі мұнай секторындағы құлдырауды өтеу үшін жеткіліксіз. 2024 жылдың алғашқы үш тоқсанының қорытындысы бойынша саланың нақты көлем индексі (НКИ) жылдық мәнде тек 1,2% -ды құрады, ал бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 5,4%-ды қамтыған", - дейді сарапшы.
2024 жыл қарқынды өсіммен басталғанымен, мұнай өндірісінің көлемі біртіндеп төмендеді. Жылдың алғашқы тоғыз айында өндіріс көлемі салыстырмалы түрде тұрақты болып, айына 7-7,8 миллион тонна аралығында болды. Алайда қазан айында күрт құлдырау болды: өндіріс 2023 жылдың қазанымен салыстырғанда 15,2%-ға төмендеп, 7,7 миллион тоннадан 6,6 миллион тоннаға дейін төмендеді.
"Қазан айындағы өндіріс көлемінің төмендеуі Теңіз және Қашаған сияқты ірі кен орындарында күрделі жөндеу жұмыстарының жүргізілуі, сондай-ақ Қарашығанақ кен орнында жоспардан тыс жұмыстардың тоқтауына байланысты болды. Егер ағымдағы жылдың соңғы екі айындағы болжамды көрсеткіштерді қарастыратын болсақ, онда Энергетика министрлігінің деректеріне сәйкес, қараша және желтоқсан айларында мұнай өндіру шамамен 15 млн тоннаны немесе айына орта есеппен 7,5 млн тоннаны құрауы тиіс", - дейді Қанжанов.
Еске сала кетсек, Энергетика министрлігі 2024 жылға арналған өндіріс көлемі болжамын 90,3 млн тоннадан 88,4 млн тоннаға дейін төмендету тұрғысында қайта қараған болатын.
"Осылайша, егер бұл болжам орындалса, ағымдағы жылдың қорытындысы бойынша мұнай өндірісіндегі құлдырау шамамен 2%, ал 2024 жылғы IV тоқсанның қорытындысы бойынша, яғни соңғы айлардағы өндірістің тұрақсыз мәндерін, сондай-ақ қазан айында қатты төмендеу болғанын ескере отырып, шамамен 1,4%-ды құрайды деуге болады. Онда да бұл оптимистік болжам және оған күмәнмен қарауға болады".
Сонымен қатар, қазаннан қарашаға дейінгі аралықтағы мұнайдың бір баррелінің орташа бағасы 74,8 доллар болды. Қазіргі уақытта ол шамамен 72-73 долларды құрайды, бұл 2023 жылғы орташа деңгейден (бір баррелі - 82,2 доллар) айтарлықтай төмен. Бағаның бұлайша төмендеуі мұнай секторына қосымша қысым жасап, оның экономиканың жалпы өсіміндегі үлесін шектейді.
"Осылайша, өндіру көлемі бойынша оптимистік болжамдар орындалған жағдайда, нысаналы көрсеткіштерге қол жеткізген кезде де жыл соңында мұнай өндірісі өткен жылмен салыстырғанда құлдырау болғанын байқататын болады. Тау-кен секторындағы мұнай өндірісінің жоғары үлесін ескере отырып, біз 2024 жылдың соңында сектор өсімі 1% - дан аспайды деп есептейміз. Өңдеуші өнеркәсіптің өсімі 5%-ға, ал сауда-саттық 7-8%-ға жақын деңгейде сақталса да, жалпы өндірісте айтарлықтай үлесті алатын және ЖІӨ-нің өсіміне беретін серпінді айтарлықтай анықтаушы тау-кен секторының қатты баяулауы 4%-дан жоғары өсімге қол жеткізуге мүмкіндік бермейді. Біз барлық тәуекелдерді ескере отырып, 2024 жылдың аяғында ЖІӨ-нің өсімі бойынша болжамымызды 3,9% деңгейінде қалдырамыз", - дейді Halyk Finance сарапшысы.
Айта кетсек,5 желтоқсанда ОПЕК+ елдері министрлерінің 38-ші кездесуі өтті. Отырысқа қатысушылар келісім негіздеріне бейілділігін растады және ОПЕК-ке қатысушы елдер мен ОПЕК-ке кірмейтін елдер үшін мұнай өндірудің жалпы деңгейін ОПЕК+ 35-ші министрлік кездесуінде қабылданған шешімдерге сәйкес, 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзартуға келісті.