"2 трлн теңгеге кем". 2024 жылғы бюджет кірісі бекітілген жоспарға сай болмай шықты

Кәмшат Тілеухан 27 қар. 2024 12:42 87

Қайта қаралған "2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет" туралы заң жобасында бірқатар цифрлар қайта түзелді. Мәселен, биыл республикалық бюджеттің кірістері 14,1 трлн теңге көлемінде бағаланады, бұл - алдындағы жоспардан 2 трлн теңгеге кем цифр. Оның себебін, бүгін Мәжіліс қабырғасында Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров пен Қаржы министрі Мәди Такиев кеңінен түсіндіріп берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"2024 жылға арналған макро көрсеткіштердің параметрлері 2024-2028 жылдарға арналған мақұлданған болжам шеңберінде сақталды. Республикалық бюджеттің кірістері 14,1 трлн теңге көлемінде бағаланады, бұл бекітілген жоспардан 2 трлн теңгеге төмен", - дейді Нұрлан Байбазаров.

Ұлттық экономика министрінің айтуынша, бұған мына үш фактор себеп:

  • "Теңізшевройл" ЖШС-ның 2025 жылдағы кеңейту жобасын іске қосуды кейінге қалдыруға байланысты мұнай өндірісі көлемінің 5,1 млн тоннаға азаюы;
  • қосымша құн салығы көлемінің азаюы;
  • сыртқы сауда айналымының төмендеуі.

"Негізгі төмендеу корпоративтік табыс салығына, қосылған құн салығына және мұнайдың  экспорттық кедендік баж салығына тиесілі. Бұл салықтар бюджетке түсетін салықтық түсімдердің басым бөлігін құрайды, яғни қосылған құн салығының үлесі 45,9 пайыз, корпоративтік табыс салығы 29 пайыз және мұнайдың экспорттық кедендік баж салығы 10,8 пайыз. Қосылған құн салығы бойынша бекітілген жоспарға қарағанда түсімдердің 1,5 трлн теңгеге төмендеуі, бюджеттен қосылған құн салығын қайтаруды 595 млрд теңгеге ұлғаюы, импорт көлемінің 8,3%-ға төмендейтіні болжанады. Мұнайдың экспорттық кедендік бажы бойынша мұнай өндірісі 95,4 млн тоннадан 90,3 млн тоннаға дейін азайып, түсім 266 млрд теңгеге дейін төмендеуі болжанып отыр", - дейді ол.

Қаржы министрі Мәди Тәкиев салық түсімдерінің төмендеуіне қандай факторлар әсер еткенін түсіндірді.

"Біріншіден, "Теңіз Шевройл" бойынша болашақта кеңейту жобасын іске қосу мерзімі 2025 жылға ауыстыруға байланысты мұнай өндіру көлемі 5,1 млн тоннаға төмендеді. Бұл шикі мұнайға экспорттық кеден бажы бойынша түсімдердің 200 млрд теңгеге азаюына әкеліп соқты. Екіншіден, былтыр 594 млрд теңге сомасында борышты қайтаруға байланысты қосымша құн салығын қайтарудың өсуі. Өткен жылмен салыстырғанда, биыл бюджеттен қосымша құн салығын үш есе артық қайтардық", - деді Мәди Тәкиев Мәжілістің жалпы отырысында.

Министр салық түсімдерінің төмендеуінің үшінші себебін үшінші елдердің импорт көлемінің 6,4%-ға азаюымен байланыстырады.

"Негізгі экспорттық тауарлардың (металдар мен мұнайдың) әлемдік бағалары сияқты сыртқы факторлардың тұрақсыздығы республикалық бюджеттің кіріс бөлігіне кері әсер етті. Бұл үрдіс жыл бойы бірқатар металдар бойынша сақталып отыр. Одан бөлек геосаяси жағдайға байланысты ірі компаниялардың логистикалық шығындары ұлғайды. Компаниялар табыстарының төмендеуіне байланысты салық түсімдері шамамен 350 млрд теңгеге төмендеді", - деп түсіндірді ведомство басшысы.

Биыл 10 айдың қорытындысы бойынша мұнайдың бір баррелінің орташа бағасы 80,5 АҚШ доллары деңгейінде қалыптасты, ұлттық валютаға шаққанда АҚШ долларының орташа бағамы 461,4 теңге болды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар