19 жастағы сарбазды өлтірген офицер 13 жылға сотталуы мүмкін

Көркем Алдабергенова 24 қаң. 2025 13:01 1511

19 жастағы сарбаз Марат Барқұловтың өлімінде күдікті офицер 13 жылға сотталуы мүмкін, деп хабарлайды Dalanews.kz Orda.kz-ке сілтеп. 

Сот отырысында прокурор сарбазды атқан офицерді 13 жылға соттауды сұрады. 

Айыптаушы тарап сотталушының тапаншаның оқталғанын білмегендігі туралы уәждерін негізсіз деп санайды.

Біріншіден, Дамир Досов – офицер, ол тиісті дайындықтан өтіп, әртүрлі қару түрлерінен ату бойынша емтихандар тапсырған.

Екіншіден, сот залында сұралған куәгерлер лейтенантқа тапанша берілген кезде нұсқау берілгенін растады. Аға офицер оған «мылтықпен ойнамауға және оны адамдарға бағыттамауға» нұсқау берді.

Жәбірленушілердің өкілі Азамат Сағал прокурор сұраған жазамен келісетінін атап өтті.

Еске салайық, бірнеше күн бұрын Астанадағы әскери сотта 19 жастағы сарбаз Марат Барқұловтың өліміне қатысты алғашқы сот отырысы басталды. 

Қайғылы оқиға "Батыс" өңірлік қолбасшылығы бөлімдерінің жиыны кезінде болған. Сол тұста тараған ақпаратқа қарағанда, сағат 17:10 шамасында лагерь бойынша кезекші, гвардия лейтинанты ПМ 9 мм тапаншасынан оқ атқан.

Атылған оқ қатардағы жауынгер Марат Ерболұлы Барқұловтың бетіне тиген. Сарбаз ауруханаға жеткізілгенімен оны аман алып қалу мүмкін болмаған. Сағат 17:40 шамасында ол көз жұмған.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар