"100 жылқы ұрлады" деп сотталған ақтөбелік қария бостандыққа шықты: енді ол жалғыз баспанасынан айырылып қалуы мүмкін

"100 жылқы ұрлады" деп сотталған ақтөбелік қария бостандыққа шықты: енді ол жалғыз баспанасынан айырылып қалуы мүмкін
видео кадры

Ақтөбе облысында "100 бас жылқы ұрлады" деген айыппен 7 жылға сотталған 60 жастағы Рахат Сәрсенов апелляциялық соттың шешімімен бостандыққа шықты, деп хабарлайды dalanews.kz.

Биыл мамырда Мұғалжар аудандық соты оны 7 жылға бас бостандығынан айырып, жәбірленуші тараптың 30 миллион теңге көлеміндегі азаматтық талабын да қанағаттандырған болатын. Алайда қорғаушылар бұл үкімге келіспей, апелляциялық шағым түсірген.

Істі қайта қарау барысында айыптау бабы өзгертілді. Сот Рахат Сәрсенов 100 емес, бір ғана жылқының құны көлемінде материалдық шығын келтіргенін анықтаған.

Инсульт алған қарияға рақымшылық туралы заң қолданылып, ол сот залынан босатылды.

Журналист Руслан Өтепбай жылқышы Рахат Сәрсеновтің ісіне байланысты Ақтөбе облысына барған. Оның айтуынша, қарияның денсаулығы нашарлаған. Ол 2025 жылы инсульт алған.

"Осы денсаулығымен 2 ай 2 күн тергеу изоляторында отырды. "Ең ауыры 60 жасымды түрмеде қарсы алдым" дейді", - деп жазды журналист.

Сондай-ақ, Руслан Өтепбай бұл іске қатысты тағы бір жайтты жариялады. Оның айтуынша, Рахат Сәрсеновті 2019 жылы бұрынғы жұмыс берушісі нотариусқа апарып, жалғыз баспанасын кепілге қойғызған. Ерлі-зайыпты құжат орыс тілінде рәсімделгенін, сондықтан нақты қандай құжатқа қол қойғанын толық түсінбегенін айтқан.

Қазір Рахат Сәрсенов жалғыз баспанасынан айырылып қалуы мүмкін. Журналистің мәліметінше, бұл мәселеге қатысты сот шешімі де шығып қойған.

"Заңгер Бағдат Амандосұлы нотариаттық құжаттың заңдылығына күмән келтіріп, оны жарамсыз деп тану үшін құзырлы органдарға тиісті арыздарды дайындап жатқанын мәлімдеді. Істің нақты құқықтық бағасын сот пен уәкілетті органдар береді", - деді ол.