Жақында «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасындағы «1-студия» саяси ток-шоуында Арман Шораев, белгілі журналист Ермұрат Бапи, журналист, қоғам белсендісі – Арман Сқабылұлы және журналист, заңгер Дина Елгезектер қазіргі қазақ журналистикасына қатысты өз ойларын ортаға салды. Дәл осы осы ток-шоуда көтерілген мәселеге қатысты белгілі журналист, «Егемен Қазақстан» газетінің Оңтүстік Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі Ғалымжан Елшібай өзінің Фейсбуктағы парақшасында пікір білдірді.
Ширек ғасырдан бері журналистиканың "отымен кіріп күлімен шығып" жүріп жинақтаған әрі аудандық газеттің корректорлығынан бастап қалалық, облыстық басылымда, республикалық жекеменшік және мемлекеттік ақпарат құралында жұмыс істеп келе жатқан тәжірибеме сүйене отырып бірден айтсам бүгінгі баспасөздің "бас ауруына" айналған ток шоу көңілімнен шыққан жоқ.
Неге? Біріншіден, тақырып ашылған жоқ. Болмаса тақырыпты тым ауқымды етіп айқайлатып қоймай "Телеарнадағы жолбике жүргізушілер қайдан пайда болды?" деп шеңберді қысқалау сызу керек еді. Әбден жауыр болған тақырып бұл ток-шоудың да алтын уақытының көп бөлігін алып тағы шиырлай түсті.
Екіншіден, спикерлер дұрыс таңдалмаған. Төртеудің үшеуі телеарнада тер төккендер, біреуі ғана газетті жақсы біледі. Журналистиканың бастауы газеттен басталады десек те "бұрын шыққан мұрттан кейін шыққан сақал озған" заманда телеарнаның тегеуріні, ықпалы қаншалықты зор дегенмен қазіргінің тұз көзірі-ақпараттық порталдың желкенін керіп ескегін ескен бір адам осы талқылаудың бел ортасында білек сыбануы керек еді.
Үшіншіден, журналистика факультетін ашу, жабу мәселесі "майшаммен" талқыланған тұста осы мамандыққа жақсылы-жаманды шәкірт даярлауға атсалып жүрген бір ұстаз міндетті түрде қатысуы қажет болатын. Бүгінде көлденеңнен қосылған көк аттылар әр салада да аз еместігін ескерсек онда әділдік үшін оқу орындарындағы барлық мамандыққа тұсау салуға тиіспіз, ал Арман Шораевтың журналистика факультетін жабу туралы ойы суда малти алмайтын адамға жүзуді үйретудің орнына төбесінен басып тұншықтыра түсу болып шықпай ма?
Төртіншіден, бұл жолы айтылған өткір пікірлер дұрыс шығар, бірақ ақпарат саласында оң өзгерістер барын да мүлдем жоққа шығармай неліктен журналистер арқылы елдің, қоғамның дамуына қосып жүрген жақсы жақтар, жаңаша бастамалар таразыға тартылмады? Басқалардың топырақ шашып жүргені аздай олармен жарысып "өз көрімізді өзіміз қосыла қазғаннан" не ұтамыз?
Бесіншіден, өзімізбен аралас-құралас жүрген әріптесіміз-досымыз Берік Уәли басқаларын айтпаймын дәл осы жолғы ток шоуда тікелей өзіне қабырғасынан қойылған нақты сұрақтарға жауап бере алған жоқ. Бүйтіп Қожанасыр сияқты өзі отырған "бұтақты кескенше" дұрысы "көтере алмас шоқпарды белге байламау"..."Платон менің досым, бірақ ақиқат одан қымбат" деген осындайда айтылса керек сірә!
Алтыншыдан, телеарна тізгінін ұстаған Ерлан Қаринді жаңадан Америка ашқан адамға теңеу асыра сілтеу сияқты. Ұлттық арна Шерxан Мұртаза, Ғалым Доскен басқарған жылдары даңқы қалай дүркірегенін ел ұмыта қойған жоқ, ұмытпайды да. Әріптестер Познер-Познер деп ауыздарының суы құрығанша мысал үшін тағы екі-үш адамды айтсақ, алдыңғы буыннан Нұртілеу Иманғалиұлының, кейінгі буыннан Қасым Аманжолдың қалай телесұқбат құратынын талай жастар жыр қылып айтатынын шынымен естімей жүр ме?
Жетіншіден... Осылай айта түссек бұл тақырыпқа қатысты он саусақты да бүгіп тұрып ой айта беруге болады. Бұл жолы осымен шектелейін. Әрине, жұрт жабыла мақтауға көшкенде қарсы пікір қозғасам өз сөзім өзімдікі. Ақиқат пікірталастан туады.
Ғалымжан Елшібай, журналист
Дереккөзі: