Freedom Inside '26

Әлемге танымал фильмдердің актерін АҚШ-та өлтіріп кетті

Әлемге танымал фильмдердің актерін АҚШ-та өлтіріп кетті
ашық дереккөзден

Америкалық актер Джеймс Хэнди Лос-Анджелесте жасалған шабуыл салдарынан қаза тапты, деп dalanews.kz тілшісі Los Angeles Times басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Басылым мәліметінше, 3 маусым күні таңертең полиция Тарзана ауданына шақырту бойынша барған. Қоңырау шалған ер адам "жаңа ғана күнәлі адамды өлтіргенін" айтқан.

Оқиға орнына жеткен тәртіп сақшылары 81 жастағы актерді өз үйінің ауласынан пышақ жарақаттарымен тапқан. Хэнди ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады.

Кісі өлтірді деген күдікпен 44 жастағы Майкл Гледхилл ұсталды. Тергеу мәліметінше, ол полицейлерге өзі іздеуде жүрген адам екенін айтқан. Қазір оған кісі өлтіру бойынша айып тағылды. Кепіл сомасы 2 миллион доллар көлемінде белгіленді.

Америкалық БАҚ-тың жазуынша, Гледхилл бұған дейін актермен қарым-қатынаста болған әйелдің ұлы болып шыққан.

Джеймс Хэнди 1980-1990 жылдардағы танымал фильмдер мен сериалдардағы қосалқы рөлдері арқылы көрерменге жақсы таныс. Ол шығармашылық жолында ондаған кинотуынды мен телехикаяға түскен.

Кең аудитория актерді "К-9: Ит жұмысы" және "Джуманджи" фильмдері арқылы да біледі. Оның соңғы ірі жұмыстарының бірі "Топ Ган: Мэверик" блокбастері болды. Бұл фильмде ол бармен Джиммидің рөлін сомдаған.