Астана әкімдігі қызметкерлерге арналған автокөлік жалдау шығындарына бюджеттен қосымша 1,8 млрд теңге бөлді. Бұл қаражат бірнеше жылға есептелген қызметтік көлікпен қамтамасыз ету жобасын жалғастыру үшін қажет, деп хабарлайды dalanews.kz.
BES.media мәліметінше, қосымша қаржы бөлу туралы Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Жанабаев хабарлаған.
2024 жылы әкімдік Ecology Service компаниясымен автокөлік пен такси қызметтерін жалға алу бойынша мемлекеттік-жекеменшік әріптестік келісімшартын жасаған. Келісімнің жалпы құны 5,6 млрд теңге, ал оның мерзімі 7 жылға есептелген.
Мақсат Жанабаевтың айтуынша, жобаны үздіксіз жүзеге асыру үшін алдағы бес жылға қосымша 1,8 млрд теңге қажет. Ол қосымша қаржыландыру қажеттілігін жүргізушілердің еңбекақы қорының өсуімен, ҚҚС мөлшерлемесінің көтерілуіне байланысты салық жүктемесінің артуымен, сондай-ақ автопаркті күтіп ұстау мен пайдалануға кететін шығындардың 15–20%-ға қымбаттауымен түсіндірді.
Әкімдік Ecology Service компаниясынан қосымша көліктер алуды да жоспарлап отыр. Соның ішінде бір көлік Балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі жаңа басқармаға қажет екені айтылды.
Сонымен қатар ведомствоға минивэн қажет. Бұл қажеттілік көшпелі іс-шаралар санының артуымен байланысты екені атап өтілді.
Мақсат Жанабаевтың сөзінше, бөлінген қаражаттың бір бөлігі салық түсімдері түрінде бюджетке қайта оралады. Әңгіме шамамен 1,6 млрд теңге туралы болып отыр.
Әкімдікте Ecology Service қызметтерінің бағасы басқа автопарк ұсыныстарымен салыстырылғаны және қолданыстағы келісімшартта тарифтердің төмен екені айтылды.
Мәліметке сәйкес, қолданыстағы келісім бойынша электромобильді жалдау құны тәулігіне 43 мың теңге, ал басқа автопаркте дәл осындай қызмет 73 мың теңгеге бағаланған.
Ал бизнес-класс көлігін жалдау құны Ecology Service-пен жасалған келісім бойынша тәулігіне 56 мың теңге болса, басқа жеткізушіде бұл көрсеткіш 61 мың теңге.