1 кувейт динары - 1721 теңге. Әлемдегі ең қымбат валюта бағамы ең жоғары шегін игерді

Кәмшат Тілеухан 16 қаң. 2025 11:05 296

Егер бізде саудаланатын қымбат валюта евро мен АҚШ доллары десеңіздер, қатты жаңылысасыздар. Әлемдегі ең қымбат валюта – кувейт динары, негізі. ҚР Ұлттық банктің бүгінге, 16 қаңтарда бекіткен ресми бағамы бойынша 1 кувейт динарының құны 1717,13 теңге болып табылады, деп жазады Dalanews.kz.

Қазіргі саудадағы бағам, тіпті 1721 теңгеден асты. Қазақстан валюта нарығындағы кувейт динарының бір ай бойғы күйіне назар салсақ, 16 қаңтарда ол өзінің ең жоғары шегін игерген екен. Мәселен, 2024 жылы желтоқсан айының ортасында берекесі қашқан 1 кувейт динарының құны 1700 теңгеден 1640 теңгеге дейін күрт төмендеген. Бірақ бір аптадан соң, яғни 24 желтоқсанда басын ақырын тіктеген ол бүгінге дейін үстіне тиындап баға қосып, былтырғы жоғары шегінен де асып отыр.

Ал кувейт динары мұншалықты неге құнды? Өйткені ол әлемдегі №1 ең құнды әрі жас валюта болып табылады. Халқының әрбір оныншы тұрғыны миллионер болып саналатын Кувейтте салық деген мүлде атымен жоқ. Жер көлемі кішкентай, жер асты байлығы мол Кувейт бүгіндері әлемді мұнай өнімдерімен қамсыздандырып, көп табысқа кеңелуде. Жоғары дамыған елдер қатарына жататын Кувейттің экономикасы әртараптандырылған. Сондықтан онда бизнес жүргізу тиімді әрі оңтайлы. Түрлі саланы қамтитын ШОБ та жақсы дамыған. Жұмыссыздық деген мәселе де жоқ. Кувейт динары бірнеше шетел валютасына байланған, ол да оның тұрақтылығын қамтамасыз етеді.

Кувейт - ОПЕК-тегі басты мемлекеттердің бірі. Осы маңда Қазақстанмен мүдделері түйіседі. ҚР СІМ мәліметінше, 2023 жылы Қазақстан мен Кувейт арасындағы тауар айналым көлемі 3,6 млн долларды құраған. Ал қазақстандық экспорт көлемі 2,9 млн долларды қамтиды. Қазақстан үшін Кувейт араб әлеміндегі маңызды серіктестерінің бірі болып табылады. Араб инвесторлары еліміздің ауылшаруашылығы, мұнай-газ, денсаулық сақтау салаларына әлі де инвестиция салуға ниетті.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар