"1 АҚШ доллары – 543,9 теңге". ҚҚҚ валюта бағамына қатысты өз болжамдарын жаңартты

Кәмшат Тілеухан 06 мам. 2025 13:35 399

Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының (ҚҚҚ) сарапшылары ұлттық валюта бағамы бойынша алдында жариялаған болжамдарын қайта қарады. Сарапшылар бұған дейін бір айдан кейін 1 АҚШ доллары 516,3 теңге болады десе, енді бұл цифрды 519,6 теңгеге өзгертті. Сондай-ақ бұған дейін бір жылдан кейінгі 1 АҚШ долларының бағамы 542,5 теңге болады деп болжаса, оны 543, 9 теңгеге өзгертті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Мамыр айында ұлттық валюта қатты құнсызданбайды, бұған тоқсандық салық төлемдері, Ұлттық банктің операциялары шеңберінде шетел валюталарын сатуы (шамамен 1,2 млрд доллар), сондай-ақ қатаң ақша-кредит саясатының сақталуы ықпал етуі мүмкін. Теңгеге шаққандағы доллардың бір жылдан кейінгі бағамына түзету енгізілді, бұл, негізінен соңғы төрт жылда алғаш рет мұнай баррелі бағасының 60 доллардан төмен түсуімен байланысты болды", - дейді Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының сарапшылары.

Сарапшылар инфляция бойынша жылдық болжамға да түсету енгізді, бұл көрсеткішті 11,2-ден 11,8% - ға дейін ұлғайтып, қазірдің өзінде бағалар өсімі үдеп жатқанын атап өтті.

"Шикізаттың арзандауы, ұзақ мерзімді қатаң қаржылық жағдайлар және негізгі сауда серіктестерінің тоқырауға ұшырау ықтималдығы Қазақстандағы экспорт пен инвестициялық белсенділікке қысым көрсетуі мүмкін. Мұндай жағдайда бір жылдан кейін ЖІӨ өсімі 3,9% (алдындағы болжам - 4,1%) деңгейінде қалыптасады деп болжанады", деді сарапшылар.

Бұған дейін биржада ұлттық валюта бағамы нығайып,  АҚШ долларының құны 515 теңгеден де төмендеп кеткенін жазғанбыз.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар