Дубайда A Dubai Invite атты жаңа бағдарлама іске қосылды. Оның аясында БАӘ азаматтары мен резиденттері шетелден достары мен туыстарын шақырғаны үшін құны 3 мың дирхамнан (шамамен 380 мың теңге) асатын бонус пакеттеріне ие болады. Алайда бұл ақшалай төлем емес, серіктес компаниялар ұсынатын жеңілдіктер, сертификаттар және түрлі арнайы ұсыныстар, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бағдарламаны Дубайдың Экономика және туризм департаменті (Dubai Department of Economy and Tourism, DET) таныстырды. Жоба достар мен туыстарға қонаққа баруға негізделген VFR-туризмді (Visiting Friends and Relatives) дамытуға бағытталған.
Ведомствоның мәліметінше, бағдарлама Дубай тұрғындары мен азаматтарына шетелде тұратын достары мен туыстарын шақыруға мүмкіндік береді. Қонақтың эмиратқа келгені расталғаннан кейін шақырушыға DET ұсынатын арнайы бонус пакеті беріледі.
Сонымен қатар, департамент A Dubai Invite бағдарламасы лотерея, байқау немесе ұтыс ойыны емес екенін атап өтті. Сондай-ақ бағдарлама қонақтардың әуе билеттерін, қонақүй шығындарын немесе визасын төлеуді қарастырмайды.
Бағдарламаға кімдер қатыса алады?
Бағдарламаға 18 жасқа толған, жарамды Emirates ID құжаты бар БАӘ азаматтары мен резиденттері қатыса алады. Ол үшін арнайы онлайн-форма арқылы келетін қонақтардың деректерін олардың Дубайға келуіне дейін алдын ала тіркеу қажет.
Шақырылған қонақтар бірнеше талапқа сай болуы тиіс. Олар БАӘ резиденті болмауы керек және 2026 жылғы 20 шілде мен 31 қазан аралығында туристік визамен, визасыз режим арқылы немесе елге келген кезде рәсімделетін визамен Дубайға кіруі қажет. Эмиратқа ұшақпен, теңіз немесе құрлық жолымен келуге болады.
DET бағдарлама визаны рәсімдеуді қамтымайтынын мәлімдеді. Сондықтан барлық қажетті құжаттарды рәсімдеу мен сапар шығындарын туристер өздері көтереді.
Бағдарлама қалай жұмыс істейді?
Қонақ Дубайға келгеннен кейін қатысушыларға оның келгені туралы қосымша хабарлаудың қажеті жоқ. Бұл ақпарат мемлекеттік жүйелер арқылы автоматты түрде расталады.
Бағдарлама шарттарына сәйкес, қонақтардың келуі расталғаннан кейін 72 сағат ішінде қатысушының электрондық поштасына бонустарды алу жөніндегі нұсқаулық жіберіледі. Ал бонус пакеттерін тарату 2026 жылдың тамыз айынан басталады.
Бір өтінімде бірден бес адамға дейін тіркеуге болады. Егер қонақтар саны одан көп болса, қосымша өтінім жіберуге мүмкіндік бар.
Қандай бонустар беріледі?
Әрбір бонус пакетінің құны 3 мың дирхамнан асады. Оның құрамына қонақүйлер, мейрамханалар, туристік нысандар мен түрлі сервистердің арнайы ұсыныстары кіреді.
Бағдарлама серіктестерінің қатарында W Dubai Mina Seyahi, The Westin Dubai Mina Seyahi, Le Méridien Mina Seyahi Beach Resort & Waterpark, Meliá Desert Palm, IHG Hotels & Resorts, Careem және Hala бар. Ұсынылған бонустар, егер жекелеген ұсыныстарда басқа мерзім көрсетілмесе, 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін жарамды болады.
Қандай шектеулер бар?
Бағдарламада бірқатар шектеулер қарастырылған. Бір тұрғын бір уақытта ең көбі бес қонақты тіркей алады. Алайда шақырылған адамдардың санына қарамастан, бағдарлама кезеңінде бір қатысушыға ең көбі үш бонус пакеті ғана беріледі.
Сондай-ақ бір туристі бағдарламаға тек бір рет тіркеуге болады. Егер оны басқа қатысушы бұрын тіркеген болса, қайталанған өтінім есепке алынбайды.
Бұдан бөлек, өтінімде көрсетілген топтан кемінде бір адамның Дубайға келуі қатысушыға бонус алуға жеткілікті.
Нені білу маңызды?
DET өкілдері бағдарлама сапар шығындарын өтемейтінін тағы бір мәрте еске салды. Әуе билеттері, қонақүй, көлік, виза және басқа да барлық шығындарды туристер өздері төлейді. Сондай-ақ департамент виза беруден немесе елге кіруге рұқсат беруден бас тартылған жағдайда жауапкершілік көтермейді.
Сонымен қатар, бонустар қолжетімділігіне қарай ұсынылады және олардың құрамына серіктес компаниялардың ұсыныстары енгізіледі. Ұйымдастырушылар кез келген уақытта қолжетімді ұсыныстар тізімін, бағдарлама шарттарын өзгертуге немесе бағдарламаны алдын ала ескертусіз тоқтатуға құқылы.