Түркістан облысында өзенге өндірістік қалдық төгілді деген ақпараттан кейін балық жаппай қырылды

Түркістан облысында өзенге өндірістік қалдық төгілді деген ақпараттан кейін балық жаппай қырылды
Әлеуметтік желі

Түркістан облысының Төлеби ауданындағы Бадам өзеніне өндірістік қалдық төгілгені туралы ақпарат әлеуметтік желіде тарады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, салдарынан өзен бойындағы бірнеше балық шаруашылығында балық жаппай қырылған.

Әлеуметтік желіде жарияланған мәліметке сәйкес, Бадам өзенінің бойында орналасқан төрт балық шаруашылығы зардап шеккен.

Жазба авторының мәлімдеуінше, «Балмұздақ» ЖШС өндірістік қалдықтарды өзенге ағызған. Осыған байланысты ауылдық округ әкімдігімен бірлесіп тиісті хаттама толтырылғаны айтылған.

Әлеуметтік желіде тараған фото және видеоларда өзен суының лайланып кеткені және су бетінде өлген балықтардың жүргені байқалады.

Алайда қазіргі уақытта бұл ақпаратты құзырлы мемлекеттік органдар ресми түрде растаған жоқ. Балықтың қырылуына нақты не себеп болғаны және өзеннің ластануына өндірістік қалдықтардың қатысы бар-жоғы тексеру нәтижесінде белгілі болады.

Dalanews редакциясы аталған жағдайға байланысты Түркістан облысының әкімдігіне ресми сауал жолдады.