Мемлекет қайраткері Нұрлан Құсайынұлы Рахметов 61 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Ол ұзақ жылдар бойы Қазақстанның мемлекеттік органдары мен ұлттық компанияларында басшылық қызметтер атқарған, деп хабарлайды dalanews.kz.
Нұрлан Рахметов 1965 жылғы 24 қыркүйекте Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген.
1987 жылы М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін тәмамдаған. Кейін физика-математика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алған.
Мемлекеттік қызметте 30 жылдан астам еңбек етті
Еңбек жолын Қазақ КСР Ғылым академиясының Математика және механика институтында бастаған. Кейін Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінде математикалық анализ пәнінен сабақ берген.
1990-жылдардың соңынан бастап мемлекеттік басқару және экономика саласында қызмет атқарды.
Әр жылдары:
- "Қазақстан темір жолы" республикалық мемлекеттік кәсіпорны бас директорының орынбасары;
- Мемлекеттік кірістер министрлігі Талдау және болжау департаментінің директоры;
- Мемлекеттік кіріс вице-министрі;
- Қазақстанның қаржы вице-министрі қызметтерін атқарған.
2006-2008 жылдары Қаржы министрлігінің Салық комитетін басқарды.
"ҚазМұнайГаз" және "Самұрық-Қазынада" жұмыс істеді
Нұрлан Рахметов еліміздің ірі ұлттық компанияларында да басшылық қызметтер атқарды.
Ол "ҚазТрансГаз" және Intergas Central Asia компаниялары бас директорының орынбасары, "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының экономика және қаржы жөніндегі басқарушы директоры болды.
2008 жылғы қарашадан бастап "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының басқарма құрамына кіріп, басқарушы директор қызметін атқарды.