Баталов желтоқсаншыларға құрмет көрсетті

Dalanews 12 желт. 2019 14:25 281

Бүгін облыс әкімі Амандық Баталов жылдағы дәстүр бойынша 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысушылармен кездесті. Кездесуге 28 адам қатысты. Ал жалпы облыс бойынша желтоқсандықтардың саны - 148, олардың барлығына 150 мың теңгеден бір реттік материалдық көмек беріледі, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Шараға қатысқан қонақтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтаған облыс әкімі Амандық Баталов:

– Сіздерді өз атымнан және облыс тұрғындарының атынан Тәуелсіздік күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Алматы облысы аграрлық-индустриалық аймақ екенін білесіздер. Қабылданып жатқан шаралардың арқасында өнеркәсіпте 985 млрд. теңгенің өнімі өндірілді, ауыл шаруашылығында бұл көрсеткіш 800 млрд. теңгеден асты. Жалпы 45 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары құрылды. Әлеуметтік мәселелерге, соның ішінде көп балалы және аз қамтылған отбасыларын қолдауға ерекше мән берілуде.

Елбасы ұсынған бұл бастаманы бүгінгі Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев жалғастырып келеді. Өткен аптада барлық аудан, қала әкімдерінің есептерін тыңдап, туындаған мәселелерін шешу жолдарын талқыладық. Мәселен, қай жерге дәрігерлік амбулатория салу керек, қай ауылдарда жол жөндеу керек, қай жердің су құбырын ауыстыру керек, осындай мәселелердің қай-қайсысы да маңызды.


Облыс елді мекендерін газдандыруға қазір қосымша қаржы бөліп жатырмыз. Біздің өңір инвестиция тартуда белсенділік танытуда. Танымал «Лукойл» компаниясының зауыты біздің облыста іске кіріскенін естіген боларсыздар. Тағы екі ірі инвестжоба жуық арада жүзеге асырылады. Осының бәріне сіздер зор үлес қосқан тәуелсіздігіміздің арқасында қол жеткізіп отырмыз, – деп атап өтті А. Баталов. Сонымен қатар Желтоқсан оқиғасына қатысушылардың барлығына бір реттік материалдық көмек ретінде 150 мың теңгеден берілетінін айтты.

Желтоқсандықтар атынан «Жетісулық желтоқсандықтар» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Ермұхан Жүнісхан, Гүлнар Көксегенқызы, Сәрсенбек Стамбеков, Гүлмира Байсаринова және т.б. сөз алды.

Талдықорған қаласының тұрғыны Ләззат Жапашова Желтоқсан оқиғасына қатысушылардың үйлерін табиғи газға тегін қостыру, сол сияқты тарихи оқиғаға қатысушыларға арнап стела мен ескерткіш орнату туралы ұсынысын айтты. Сонымен бірге желтоқсандықтардың тізімін жасап, оларға тізім бойынша жыл сайын 10 гектардан жер бөлуді сұрады. Сонда олардың әрқайсысында өз баспанасы болады деп есептейді Л. Жапашова.


Амандық Баталов өңірде жасалған Әлеуметтік карта аясында газға қосу мәселесін қарастыруды тапсырды. Ал стела орнату туралы ұсыныс бойынша, облыс әкімі «Жастар» саябағындағы ту тұғырының етек жағына естелік тақта қоюды қарастыруға болатынын айтты. Ал облыс бойынша жер учаскесін алуға кезекте 140 мың адам тұрғанын, сондықтан жер телімін тек кезек ретімен алуға ғана мүмкіндік болатынын жеткізді.

Кездесу соңында облыс әкімінің Алғыс хаттары тапсырылды.

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі

 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x