Ә. Қосанов: "ЖСДП зейнеткерлерден арылуы керек"

Dalanews 30 қаң. 2016 04:49 227

Кезінде ЖСДП партиясының негізін қалаушының бірі болған белгілі саясаткер Әміржан Қосановтан партия үкілеген үміткерлер туралы сұраған едік.

– ЖСДП бүгін Алматыда өткен съезіне Сізді шақырды ма?

– Жоқ.

– Партия өз атынан сайлауға қатысатын 27 үміткерді бекітіпті. Бұл тізімдегілердің дені осы партияның құрамында бұрыннан жүргендер екен. Тізімдегі үміткерлерге көңіліңіз тола ма?

– Сөзсіз, лайықты тұлғалар жоқ емес. Бірақ мен осыдан біраз уақыт бұрын БАҚ-та "ЖСДП мүмкіндігінше билікке сын айтып, балама ұсыныс айтып жүрген, елге танымал азаматтарды, соның ішінде кешегі "Азат", "Алға", КПК партияларында болған әріптестері мен елдің аузында жүрген қоғам қайртакерлерін, әсіресе, жастарды, ортақ тізімге шақырғаны абзал болар еді" деп ұсыныс жасағанмын. Олай бола қоймады. Сондықтан да бұл тізім жақсы, бірақ толық емес. Сондықтан да бұндай тізімнің демократиялық күштердің толық қолдауына ие болуы қиын болар. Онсыз жемісті науқан туралы сөз ету ретсіздеу.

Жармахан– ЖСДП негізінен бұрынғы таныс адамдарды ұсыныпты. Бұл партияның қауқарсыздығының, жұмыс істеп, өзінің соңына саяси топ жинай алмағанының белгісі емес пе?

– Мен ол партиядан аластатылғаныма үш жылдың жүзі болды. Қазіргі басшылықтың не істеп, не қойып жатқанын білмеймін. Баспасөзде де олар көрінбейді. Бірақ облыстардағы белсенділермен байланысымды үзген жоқпын. Өсек тасыған жоқпын, тек ортақ іске жанашырлық танытып сөйлесіп жүрмін. Өйткені, осы партияға мен өмірімнің бір бөлігін сарп еткенмін. Меніңше, партияда басшылық жаңаруы тиіс. Сол кезде жаңа әріптестер мен мүшелер келе бастайды. Елбасының өзі «зейнеткерлер кетсін» деп жатқанда, оппозициялық партиялар да ойлануы керек қой. Әне, кезінде Серікболсын Әбділдин ағамыз өз еркімен КПК басшылығынан кетті емес пе?

Партия жетекшілерінің оппозициялық яки еркін пікір айтатын қоғамға сөзі өтімді адамдардың өзін ішке тарта алмауынан қандай себептер бар? Мүмкін қаржылық қиыншылығы бар шығар?

– О жағын білмедім. Бәлкім, бір себеп – кезінде бірегей ЖСДП «Азат» партиясына жік салып, екіге бөліп жіберген тұлғалардың әлі де ЖСДП басшылығында жүргендігінде болар. Сол кезде ЖСДП-ның беделі күрт төмендеп кеткені рас. Қазір көп адам оны Әбілов пен Тұқябайдың жекебас қақтығысы деп санайды. Екеуін табыстырамын деп ортасында мен жүрдім. Сондықтан бірегей партияның ыдырауына біз үшеуміз де жауап береміз. Мен сол кездегі өз кінәмді ашық мойындадым. Ал басқалар мойындағысы келмейді, байқасам, кінәні бір-біріне артып жүрген сияқты. Әрине, партияға қаржы керек. Бірақ кез келген демеуші қаржыны ел алдында беті ашық, болашағы бар партияға ғана береді емес пе?

– Өзге партиялар ұсыныс жасап, біздің қатарымыздан сайлауға түсіңіз десе, келісер ме едіңіз?

– Жасыратыны жоқ, «ЖСДП-ның тізімінен неге түспедіңіз?» деп сұрап жатқандар жоқ емес. Бірақ ол партияның қазіргі басшылығының маған деген көзқарасы бесенеден белгілі ғой (күледі). Өкінішке орай, ол партия әлі де көсемшілдіктен арыла қойған жоқ. Көсемдер солай шешкен болар. Кешегі өзім бас хатшысы болған бірегей партияның тағы бір қатысушысы «Азат» партиясы, өкінішке орай, бір адамның саяси шешімінің құрбаны болған сияқты. «Сайлауға қатыспаймыз» деп жатыр. Менің азаматтық, саяси позицияма сай келетін басқа партия көріп отырған жоқпын әлі...

– Әңгімеңізге рахмет!

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x