Есімов: "ЭКСПО ма? Осыншалықты сынға қалмаппын"

Dalanews 18 шіл. 2017 10:15 223

ЭКСПО-ны басқаруға Есімов келгелі не өзгерді? Кемшіліктер түзелді ме? Көрмені өткізуге сақадай саймыз ба? Күні кеше шетелдік басылымдарға сұхбат берген «Астана ЭКСПО-2017» көрмесінің басқарма төрағасы осы турасында айтқан екен. Ағынан жарылыпты. Қандай кедергілермен бетпе-бет келгенін айтып беріпті. Сонымен Есімов не дейді?
 
Есімде


 Иә, осыдан екі жыл бұрын тамыздың ортасында Назарбаевтың мені ЭКСПО-ның төрағасы етіп тағайындаған сәтін әлі ұмытқан жоқпын. Бірден құрылыс алаңына тарттым. Нысандарды араладым. Алғаш көрген нысан С1 павильоны еді. BI-Group компаниясы тұрғызып жатқан. Шынымды айтайын, павильон дегенмен бетон қабырғадан басқа түгі жоқ-тұғын. Басқа ештеңе де көргем жоқ. Мойындайын, ұнжырғам түсіп кетті. Жұмыстың алға басып кетеріне де алғашқыда сенгем жоқ. Көрменің құрылысы тоқтап тұрды десем артық айтпаспын.
 

Содан не керек...


Иә, көз қорқақ, қол батыр. Алда ауыр жұмыс күтіп тұрды. Бірақ, жұмыстың басын құрылыстан бастаған жоқпын. Алдымен ЭКСПО-дағы түрлі департаменттердің тәртібін тезге түсіру керек болды. Былық көп еді...
Департаменттер бірінің жұмысын бірі атқаратын. Таза аласапыран еді. Кімнің не қойып, не атқарып жатқанын аңғарып болмайсың. Уақыт болса аз қалған.
Иә, алдымен департаменттердің жұмысын тәртібін ретке келтірдім. Бір ай өтті. Міне, сол кезде ғана көрмені өз деңгейінде өткіземіз деген үміт пайда бола бастады.
Расын айтайын, алға жүруден басқа амал жоқ еді. Елбасының өзі бақылап отыр. Одан бұрын сыншылар көп болды.
«Есімов үлгермейді. Есімов ЭКСПО-ның құрылысын бақылай алмайды. Көрменің нысандарын өз уақытында өткізе алмай, қор болады, көрде тұрыңыздар» деген небір пікірді естідім.

Олардың ауыздарына құм құйылды. Үлгердік. Күдіктенгендердің үміті ақталмады.
 

ЭКСПО-дан кейін


«Көрмеден кейін мұндағы павильондар бос қалмай ма? Қалай пайдаланылатын, қандай қажетке жарайтын болады?» деген сауалдарды көп естимін. Соған нақты жауап беретін кез келді.
Көрме аяқталғасын мұндағы объектілердің ешқайсысы да жұмысын тоқтатпайды. Атап айтсам, Сфера павильоны Болашақ мұражайы деген атқа ие болып осы бағытта жұмыс істейді.

Себебі, мұнда «Болашақ энергиясы» тақырыбының түрлі жобалары жинақталған. Жоқ, рас. Оның ішінде ғарыш, күн, жел, су тіпті кинеталық энергия жобалары да бар. Сайып келгенде, бұл мұра. Көрменің мұрасы. Ертең балаларымызға көрсетеміз. Басқа да павильондар бос қалмайды.
 

Бұдан сырт


Әрине, барлық павильондарды мұражайға айналдырмасымыз белгілі. Айталық, халықаралық павильондардың біреуінде көрме аяқталғаннан кейін «Астана» халықаралық қаржылық орталығы орналасатын болады. Оған қоса БҰҰ-ның жасыл энергетика жобасы аясында павильондардың бірінен халықаралық Жасыл энергетика орталығын жасаймыз. Мұны БҰҰ Ассамблеясының мінберінде сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы да айтқан болатын. Айтпақшы, ІТ – стартаптар да жасалып жатыр. Жаман емес.
Қорыта айтсам, бұл павильондар бос қалмайды. Қаңырап қалмайды. Қорықпаңыздар.

Сіздерге мынаны айтайын: оларды өз қажетіне пайдалану туралы тиімді ұсыныстар қазірден түсіп жатыр.
 

Коррупция құртты


Мойындаймын. Көрмеге қатысты жемқорлық дауы ЭКСПО-ның беделіне әжептәуір нұқсан келтірді. Қасықтап жинаған абыройымыздан бір күнде айырыла жаздадық. Айырылдық та...
Білсеңіз, мен осы қызметке тағайындалған сала әлеуметтік желідегі пікірлерді шолып шықтым. Пікірлердің 80 пайызы негативті болды. Қазір бұл негативті сәл де болса азайтқан болдық. Әрине, шалығы әлі де бар. Бұдан арылу қиын. Сүйекке түскен таңба сияқты.

Күні кешеYouTube-ті шулатқан видеоны көрген боларсыздар. Көрмеге құрылыс материалдарын әкелген жүргізуші өзінің ұялы телефонына жерге көміп жатқан құрылыс материалдарын түсіріп алған ғой.

Мәселе неде? Әлгі жүргізуші бұл материалдардың не екенін, олардың қандай мақсатта қолданылатынын білмеген. Анығы, құрылыс заттары көмілген жердің үстімен жол жүреді, ал жолдың астында қаланған құрылыс заттары жер астындағы нысанды жылыту үшін қолданылды. Елді дүрліктірген әлгі жүргізушіні тауып алдық. Неге, не себепті бұлай жасағанымызды түсіндірдік. Түсінді. Кешірім сұрады.

Шыны керек, ЭКСПО-ны қаралайтын талай видео шықты ғой. Олардың барлығымен күресу мүмкін емес. Осы уақытқа дейін талай қызметте болдым. Бірақ, осыншалықты сынға ұшырамаппын. Үйрендік қой. Төселдік. Сынды да көтере білу керек екен. Дегенмен, оңай емес...
 

Дайындаған, Думан БЫҚАЙ


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x