«Алматы жастары» бағдарламасы: 1100 жас маман қоныс тойын тойламақ

Dalanews 25 қыр. 2023 10:49 514

Жастардың тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағытталған «Алматы жастары» бағдарламасы 6 жылдан бері қаланың жас мамандарына қолжетімді шарттармен баспаналы болуға септігін тигізіп келеді. Осы уақыт ішінде Алматы қаласы әкімдігі мен Отбасы банкінің қолдауымен 35 жасқа дейінгі 4 мыңнан астам алматылық қоныс тойын тойлаған.

Осынау қуанышты сәтті ұзақ күткен жастардың кезекті легі бастапқы жарнасы небәрі 10 пайызды жинап, «Отбасы банкінен» 5 пайыздық мөлшерлемемен (ЖТСМ 5,2% бастап) заем алу арқылы баспаналы болды.

Олардың дені екінші нарықтағы үйді таңдаған. Отбасы банк басшылығы қатарында дәрігерлер, мұғалімдер, балабақша тәрбиешілері, суретшілер, спортшылар, құтқарушылар, өрт сөндірушілер, журналистер және әлеуметтік сала қызметкерлері бар. Үйлі болған жас мамандарға құттықтау грамоталары табыс етілді.

Алматыдағы «Отбасы банк» филиалының директоры Данагүл Түсіпованың айтуынша, «Алматы жастары» бағдарламасы іске қосылған   2017 жылы жүз адам ғана заем алса, кейінгі жылдары ауқымы кеңейіп, биылдың өзінде 1100 азамат өз баспанасына ие болмақ.

– Биыл бағдарламаға 20 млрд теңге бөлінді. Оның 17 млрд әкімшілік, 3 млрд «Отбасы банк» тарапынан берілді. Бұрын байқауға қатысушыларға Алматы қаласында тіркеуде тұру міндеттелсе, қазір бұл талап алынып тасталынған. Жастардың қаладағы мекемеде жұмыс істегеніне кем дегенде 6 ай болса болғаны. Сондай-ақ, қатысушылардың жасы 35-тен (қоса алғанда) аспауы тиіс, – деді Данагүл Түсіпова.


Биыл баспаналы болатын 1100 жас маманның бірі – Шолпан Ислам бес жылдан бері ғылым саласында жұмыс істейді. Ол «Алматы жастары» бағдарламасына қатарынан бірнеше жыл қатысқан.

– Сәтбаев университетінің оқытушысы және ғылыми қызметкерімін. Осыған дейін үй жалдап келдім. Жұмыс өтілім жеткіліксіз болды. Биыл баспана бұйырғанына қуаныштымын. Себебі, бұл бағдарлама біз сияқты жас отбасы үшін өте тиімді. 5 пайызбен беріледі. Ай сайынғы төлемақысы аз шығады,  – дейді үйлі болған Шолпан Ислам.

Сондай-ақ, «Отбасы банк» филиалының директоры Данагүл Түсіпова қазақстандықтардың баспана сатып алуына жергілікті билік қана емес, жеке компаниялар, зауыттар, кәсіпорындар, медициналық орталықтар да көмектесе алатынын қаперге салып, банк өнімдерін таныстыра кетті.

– 2019 жылы іске қосылып, сұранысқа ие болған «Корпоративтік» өнім аясында компаниялар өз қызметкерлерін несиелендіру үшін ақша бөледі. Осы жоба аясында қазірдің өзінде 600 қазақстандық отбасы баспана мәселесін шешіп үлгерді. Қызметкерлердің тұрғын үй жағдайын жақсартуға жұмсалған жалпы сомасы 10 млрд теңгеден асты, – деп атап өтті Түсіпова.


Нақтырақ айта кетсек, «Корпоративтік» өнім – бұл еліміздің барлық аймағындағы жекелеген компаниялардың кез келген жағдайлары мен шарттарына бейімделуге мүмкіндік беретін әмбебап құрал.

Әр кәсіпорын өз қызметкерлеріне тұрғын үй сатып алу үшін қаржыландыру шарттарының өзіндік нұсқасын құрай алады. Мысалы, банк компаниядан пайызбен қаражат ала алады немесе компания ол ақшаны қызметкерлеріне заем беру үшін бастапқы жарна ретінде депозитке сала алады.

Тіпті, бұл қаржыға банктен облигациялар сатып ала алады. Яғни, жұмыс беруші ұйымның қаржыландыру тәсілдерінің көптеген жолы бар. Оларды пайдалана отырып, банк кәсіпорын қызметкерлеріне жеңілдетілген пайызбен несие беру үшін, бос қаражатын уақытша банкке беру арқылы өз мамандарына көмектеседі.

Бұл ретте компания қызметкерлері алғашқы және екінші нарықтан тұрғын үй сатып алу үшін 5% (ЖТСМ 5,2%-дан бастап) мөлшерлемесі бойынша, кейіннен ол 3,5%-ға (ЖТСМ 3,6%-дан бастап) дейін төмендейтін ипотека рәсімдей алады. Яғни, артық төлемсіз, мерзімінен бұрын өтеу мүмкіндігімен несие ала алады. Заем 19 жылға дейінгі мерзімге құны 50 млн теңгеге дейін беріледі.



 Ал «Корпоративтік» өнімнің тағы бір артықшылығы – бастапқы жарнаның мөлшері. Ол Отбасы банк пен компания арасындағы ынтымақтастық шарттарына байланысты тұрғын үй құнының 0% -10% болуы мүмкін. Демек, «Корпоративтік» өнімді пайдалана отырып, компаниялар кәсіби кадрлар пулын қалыптастырып, оларға әлеуметтік жағдайын дұрыстауға жағдай жасайды.  


Сондай-ақ, Отбасы банк қызметкерлері «Арманға жол» серіктестік бағдарламасы туралы да кеңірек мағлұмат берді. Бұл құрал кәсіпорын қызметкерлеріне жалақысынан Отбасы банкіндегі депозитке ақшаны автоматты түрде аудару арқылы баспанаға қаражат жинауға көмектеседі. Осы міндетті өзіне алған мекеме есепшісі әрбір аударым үшін 1 мың теңге табыс табуына болады.

Бизнесті дамыту басқармасының жоба менеджері Гүлдерай Иманқұлова жалпыға ортақ баспана алу шарттарын атап өтті. Маманның айтуынша, ол үшін үш талап орындалуы керек. «Бірінші, депозитке кемі үш жыл толу қажет, екінші – баспана құнының 50 пайызын жинау керек, үшінші – бағалау көрсеткіші ең аз дегенде 16 болу керек. Осы талаптар орындаса, табысты растамай-ақ баспананы 3,5-5 пайыз (ЖТСМ 3,6% бастап) арасында алады», – дегенді ескерте кетті.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x