Оңтүстікте қуатты биогаз қондырғысы іске қосылды

Dalanews 23 қар. 2017 05:58 217

Оңтүстік Қазақстан өңірінде Орта Азияда теңдесі жоқ, қуаты 0,5 МВт болатын биогаз қондырғысы іске қосылды.

Айта кетсек, бұл ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінде өңірдің басты жобасы ретінде таныстырылған еді. Жоба Мемлекет басшысының жаңа энергетиканы дамыту тапсырмасына сәйкес жүзеге асып отыр.

Сарапшы мамандар биогазды жағу арқылы одан сағатына 500 киловатт электр қуатын өндіріп жатыр. Мұндағы биогаз қаланың шайынды суының сүзілген шөгіндісінен алынады. Кешендегі қондырғылар Чехияның жаңа технологиясы негізінде жасалған. Ол қалдықтарды өңдеу арқылы тәулігіне 300 текше метр метан газын өндіреді.

Жоба жетекшісі Анарбек Ормановты айтуынша, атқарылатын жұмыс ауыры әлі алда. Себебі, жобаның екінші кезеңі бар.

«Сағатына 200-300 киловатт қосымша электр энергиясын аламыз деген жоспар бар. Бұл жобаның тиімділігі орасан. Ең әуелі қоршаған ортаны ластамайды», – дейді ол.

Бүгінгі таңда өндіріс орнында 20-ға жуық адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылған.

Осындағы шөгінділерді өңдеу цехының басшысы Игорь Гасановтың пікірінше, осы жобаның аясында қоршаған ортаға келтірер ауыртпалықты азайтуға болады.

«Бұрындары шөгінді өңдеуде экологияға зияны тиетін. Енді шөгінділерді жылу мен электр энергиясын өндіру үшін пайдаланамыз», – дейді ол.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x