Қасапшылар семинардан өтіп, куәлікке ие болды

Dalanews 18 шіл. 2016 13:48 204

«Халал даму» ЖШС-нің директоры Бейбіт Мырзагелдиев «Өтес – Био Азия» ЖШС-ның  қасапшыларына мал бауыздау және ет өңдеу саласындағы Халал стандарты бойынша оқу курсын тәмамдағанын растайтын куәлікті табыс етті.

Шарада семинар тыңдаған 5 қасапшыға куәлік берілді. Сонымен бірге, осы уақытқа дейін 20 қасапшы халал стандарты бойынша семинарға қатысып, шариғат талаптарына сай мал бауыздау мәселелерін талқылап, толық мағлұматқа ие болды.

Қасапшыларға сертификат беру барысында «Халал даму» ЖШС-нің директоры Бейбіт Мырзагелдиев ағзадағы инфекция қанға барып жиналатындықтан, малды сойғанда одан аққан қанның сыртқа толығымен шығуына аса мән беру керектігін айтты.

– Соңғы уақытта ет өндіретін кәсіпорындар малды электр тогымен немесе ауыр заттармен ұрып өлтіру тәсілін қолданады. Осындай тәсілдермен сойылған малдың бойында қан ұйып қалып, тұтынушыларға инфекция таратады. Мұндай тәсілдермен бауыздалған мал еті шариғат талаптарына сай емес. Осындай жолдармен сойылған малдың етін жеген адамның ағзасында түрлі аурулар пайда болады. Сондықтан, біз республика көлемінде қасапшыларды оқытуды қолға алып жатырмыз. Әрі Діни басқарма халал сертификатын алған кәсіпорындардың жұмысын жіті қағалауда ұстайды. Ең алдымен сапа стандартын қадағалауға баса мән береміз,  – деді Бейбіт Мырзагелдиев.

Айта кетсек, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «Халал өнімдерін стандарттау» бөлімі, «Халал Даму» ЖШС қасапшыларды мал бауыздау және ет өңдеу саласындағы Халал стандарты бойынша «Шариғат талабымен мал соятын қасапшы» атты оқу-семинарына шақырады.

ҚМДБ баспасөз қызметі

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x