Жалақысы мардымсыз, жолақысы қымбат...

Dalanews 09 қар. 2015 04:40 349

 «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартады». Онсыз да қымбатшылықтың қыспағын көріп, жалақысы жамбасын жабуға жетпейтін семейліктерге енді жолақының 80 теңге болып белгіленгені жергілікті БАҚ арқылы белгілі болғалы аптадан асты. Негізінде қоғамдық көліктердегі жолақы құнының көтерілетіні жайындағы ақпарат тамыз таяғаннан мәлім бола бастаған. Тіпті, кейбір автобустарда 1 тамыздан жолақының 80 теңге болатыны жайында хабарландырулар іліне бастап еді.

Алайда, Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімовтің жолаушы тасымалымен айналысатын  компаниялардың мұндай қадамға баруы заңға томпақ келетіндігін қадап айтуы нәтижесінде, 60 теңгеден аспайтын баға сол күйі қалдырылған болатын. Қала тұрғындары сол кезде қызметіне кіріскеніне айдан енді асқан жаңа әкімнің бұл ісін оң бағалап, «бәрекелді» дескендей болып еді. Тіпті, Ермак Бидахметұлының көпшілікпен бірге көзі талып автобус күтіп, қаланың бір шетінен екінші шетіне елмен бірге барып жүріп, қоғамдық көлік қожайындарының жұмысын тексере бастағанын да жақсылыққа жорыған. Оны айтамыз-ау, автобустардың бұдан былай кешкі сағат тоғыз болмай «жөндеріне кететіні» жайына қалып, кәдімгі Астанадағыдай түнгі 23.00-ге дейін жүруіне күш салатындығы да жергілікті басылымдар арқылы белгілі болған.

Жақында қалалық әкімдіктегі жиында жергілікті билік пен жолаушы тасымалымен айналысатын мекеме басшыларының бетпе-бет жүздесуінің соңы – олардың тонның ішкі бауындай ортақ келісімге келуімен аяқталды. Яғни, жолақы билеті жақын күндерде 80 теңгеге «секіреді» де, қалаішілік жолдардың тоз-тозы шыққандықтан, автобустардың жиі сынып жататындығын желеу еткен жекеменшік автопарк иелерінің ұпайлары түгелденетін болады. Бұл – қыркүйектің 9-нан 13 қазанға дейін қаладағы барлық жолаушы тасымалымен айналысатын мекемелердің қызметімен толықтай саралап шыққан арнайы комиссия жұмысының нәтижесі.

Ал 2-қарашадан бастап жолаушы тасымалымен айналысатын екі серіктестік «Семавтопарк» пен «Азия Combi» жаңа тарифтің 10 қарашадан бастап 75 теңге (балаларға 35 теңге) болатындығын мәлімдеген орыс тіліндегі хабарландыруларын қарамағындағы қоғамдық көліктерге түгелдей іліп тастады. Аталмыш серіктестіктердің біріне  қарайтын №29 автобус кондукторының айтуынша, жолақы құны барлық қоғамдық көліктерде де осылай болмақ. Бұған дейін қызмет сапасы жақсартылатынын айтып, жергілікті билік алдында қап-қап уәде берген серіктестіктер алғашқы қадамын қазақ тіліндегі нұсқасын ілу қажеттігіне пысқырмаудан бастады. Ал мемлекеттік тілдегі де хабарландыру ілінуі тиістігін неліктен ескермегендігін сұрағанымда қазақ кондуктордан естіген жауабымның сиқы мынау болды: «Басшылық өздері бермесе, біз не қыламыз?»... Демек, «Семавтопарк» пен «Азия Combi» серіктестіктерінің басшыларына Семейдің ең алдымен қазақтың қаласы екендігі қаперіне кіріп шықпайтын болғаны ғой.

Бір жағынан қоғамдық көліктердің автобөлшектерін алудың қымбатқа түсетіндігін айтып зар илеп отырған қожайындарының да уәжі орынды секілді көрінеді. Бірақ, бұл олқылықтың орнын толтыру үшін халықтың қалтасына салмақ түсіру қаншалықты әділ болмақ?! Бұған дейін жолақы құнын көтеретіндігін айтқан жолаушы тасымалдаушыларға қала әкімі қатаңдау көзқарасын білдіріп, олардың кіріс көздерін де көрсетуі тиістігін талап еткенде автобус қожайындары кібіртіктеп қалған. Расында да олардың күнделікті шығынынан гөрі табатын пайдасы еселеп асып түсетіні былай да белгілі болатын. Бірақ, жолаушы тасымалы қызметінен жекеменшік қоғамдық көлік иелерінің қанша пайда табатыны әкімдікте өткен жиын барысында ашып айтылған жоқ. Қала билігінің олардың жолақы құнын көтеруге келісім беруінің өзі «қарға қарғаның көзін шұқымайтынын» көрсеткендей.

Қала тұрғыны ретінде бұл жайға бейтарап қарай алмайтындықтан, таяуда №50 бағыттағы «Газельге» отырғанымда жолақының қашан көтерілетінін кондукторынан сұрауыма тура келді. Әңгімеге жүргізуші де араласты. Айтуларынша, жолақыны көтеруді сұрап отырған қаладағы автопарк басшылары көрінеді. Әйтпесе, «қалайда көтереміз» деп алашапқын болып жатуға өзге тасымалдаушылар құштар болып отырған жоқ. Өйткені, жергілікті халықтың қалта шамасы өздеріне де белгілі. Жолақыны қымбаттатуға негізгі себеп – жанармай бағасының көтерілгені мен автобөлшектерді алудың оңайға түспейтіндігі. Яғни, автобөлшектер Ресейден әкелінетіндіктен, оған тапсырыс беру, жеткіздіру деген шашетектен шығын көрінеді. Сонда біздің Ресеймен кедендік одақ төңірегіндегі жеңілдетілген келісімдеріміз қайда?.. Айналып келгенде «Кісідегінің кілті аспанда» екені анық көрінеді.

Тағы бір айтар жайт, күнделікті жұмысқа баратын және қайтатын уақытта кісі қарасы көбейіп, межелі орынды былай қойып, кез-келген қоғамдық көліктің ішінде бірін-бірі тұншықтырып жіберуге шақ қалатыны да үйреншікті көрініске айналды.  Әсіресе, «Жансая», Орталық базар аялдамаларынан кешкілікте автобустар мен «Газельдер» толассыз тоқтап, қозғалып жатса да лап берген тұрғындар легі бір азаймайды. Енді қараңыз: кез-келген қоғамдық көліктегі 35-40 адамдық орыннан бөлек 10-15 адам әр аялдама сайын бірін-бірі итеріп кіріп, сығылысып тұрып, әрқайсысы 75 теңгеден, ерткен баласы болса оған қосымша 35 теңеден төлейтін болса, күнделікті жоспардан тыс қанша қаражат түсіп жататынын іштей шамалай беріңіз. Мұны айтпағанда тұрғындарды шамадан тыс кіргізіп, тығыздап алуы жол қозғалысының қауіпсіздігін сақтауға да үлкен кедергі болып шықпай ма?! Ғайыптан  тайып, қар жауып көше беті көктайғақ болғанда, оқыс жағдай орын алса, салондағы жолаушылар үшін кім жауап береді?!

Сонымен келер аптадан бастап семейліктер «құдай бұйырса», бір реттік жолақының 75 теңге болуына да көндігетін болады. Бұл жағынан Астана мен Алматы сияқты ірі қаладағы жолақылармен «терезесі теңесті» деуге әбден болады.  Ал ондағы тұрғындардың жалақы айырмашылығы жер мен көктей екені назардан тыс қалып отыр. Есесіне, тұрғындарға қызмет көрсету сапасын арттыратындығын айтып отырған қаладағы 6 жолаушы тасымалдаушы мекеме қожайындарының қаншалықты «арық сөйлеп, семіз шығатынына» уақыт төреші.

Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ,

Семей қаласы

 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x