Түркия Ресейдің түбіне жетеді – әзербайжан сарапшысы

Dalanews 23 там. 2022 03:07 302

Саясаттанушы, халықаралық саясат мәселелері бойынша сарапшы, Әзірбайжан Үкіметі аппаратының экс-басшысы Рамис Юнустың байламынша, қазірдің өзінде Түркия бір өзі БҰҰ-ның ісін атқарып отыр. Türkiye түркі елдеріне төнген басты қауіпті жоюға күш салуда.

 

Түрік дипломатиясының орасан зор жетістігі


– Украинадағы соғыс түркі әлеміне кесірін тигізіп отырғаны жасырын емес. Украина майданында Ресейдегі түркітілдес халықтар соғысып, қырылуда. Онда мысалы, Татарстанда пайда болған "Алға" батальоны, Якутиядан "Боотур" жасағы, "Башқұрт батальоны" және басқалары соғысып жатыр. Осы орайда Түркияның арағайын болып, Кремльдің соғысын тоқтатуға күш салып жатқаны байқалады. Түрік елінің бітімгерлік рөлін қалай бағалауға болады?

– Шынында, бертіндегі оқиғаларды алсақ, Түркия Президенті Реджеп Тайып Ердоған 5 тамызда Сочиге барып, РФ басшысы Владимир Путинмен келіссөздер жүргізді. Енді міне, үш күн бұрын Ердоған мырза украиналық Львов қаласына сапарлап, Украина лидері Владимир Зеленскиймен кездесті. Бұл келіссөздерге сондай-ақ БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш қосылды.

Бұған дейін Анкараның арағайындығы арқасында Ресей соғыс басталған 24 ақпаннан бері бұғатталған Украина порттарын ашып, онда қордаланған миллиондаған тонна бидайды кемелердің жаһандық нарыққа тасуына көнді.

Басқаша айтқанда, Түркия әлемдегі біраз елді аштықтан құтқарды. Ол келіссөздерге де БҰҰ қосылған, бірақ Біріккен ұлттар ұйымы түрік лидерінің қолына су құйып жүрген қолбала қызметін атқарып жүргендей... Сол үшін жаһандық ұйымға Түркия төл салтанат-триумфының нұрына шомылуға рұқсат етті. Әйтпесе, БҰҰ бас хатшысы Гутерриш мырза бұрын Путинмен жеке өзі келіссөз жүргізіп, ымыраласпақ болған, бірақ мәміле мен нәтижеге келе алмады.


Бұл Түрік Президентінің, түрік мемлекетінің және түрік дипломатиясының орасан зор жетістігі. Оны әлем жұртшылығы көріп отыр. Біреуге ұнасын, ұнамасын, қазір Түркия қолынан еш іс келмеген, қауқар таныта алмаған Біріккен ұлттар ұйымын жалғыз өзі алмастыруда. БҰҰ-ның жасай алмағаны Түркияның қолынан келді.

– Түркия жүргізген келіссөздерге үнемі БҰҰ бас хатшысы қатысумен болды. Неге?

– Бұл бір жағынан, жаһандық саясат серкесі Ердоғанға салмақ қосады, оның халықаралық іс-әрекеттерін легитимді етеді. Екінші жағынан, Түркия өзі асқақтай келе, соңғы жылдары әбден абыройдан айырылған БҰҰ-ға сәл де болса мәртебе жиюға мүмкіндік беруде.

Мысалы, осы жолы Ердоған Зеленскиймен 2 сағаттан астам уақыт бойы оңаша, араға ешкімді араластырмай, жеке келіссөз жүргізді. Содан соң ғана Гуттериш қосылып, үшеуі қырық минуттай қысқаша шүйіркелесті. Яғни, ізгі ниет ишарасын жасап, осы жаһандық ұйымға қалған шамалы бедел-имиджін сақтауға жағдай жасады. Әйтпесе, қос лидерге екі сағатта ымыраға келіп, тараса салуына болатын еді. Өйткені соңғы айлардағы келіссөздердегі басты қозғаушы күш – Түркия.


БҰҰ тек соғыс басталған 6 айда ғана емес, Мәскеу ескі империясын қайта қалпына келтіруге кіріскен 2000 жылдардың соңынан бері оның посткеңестік кеңістіктегі елдерге шабуылына, мысалы, 2008 жылғы Грузиямен соғысына қарсы еш қайран қыла алмады.

Яғни, ол толығымен кәсіби жарамсыздығын паш етті. Сондықтан бұл рөлді державалардың бірі өз мойнына алуы керек еді. Ресеймен тайталасушы тарап болғандықтан Батыс елдері бітімгер бола алмайды. Өйткені арағайын елді текетіреске түскен қос тарап та мойындауға тиіс. Бұл ретте басқа емес, дәл Түркияның бітімгер болуына Украина табандады. Ердоған Путин үшін де авторитет.

Бұл ретте Түркия – жаһандық саясаттағы ауыр салмақтылар санатынан. Ол бір жағынан, НАТО мүшесі ретінде ұжымдық Батыстың өкілі болып есептеледі. Екінші жағынан, Түркия қажет болса, төл әскерін халықаралық деңгейде, мысалы, Иракта, Сирияда, Ливияда, Әзірбайжанда және басқа елдерде пайдаланудан жасқанбайтын әскери держава, гегемон. Сондықтан оны демократиялы және автократиялы елдердің басшылары да сыйлайды.

 

Түріктер биік рух пен намысты қарыннан жоғары қояды


– Мұның бәрі Түркияға не үшін керек? Қазір Түркия ең ауыр экономикалық дағдарысты бастан өткеруде. Ең алдымен халық тұрмысының қамын ойлаған жөн емес пе?

– Түркия экономикасы күйремейді, талай дағдарыстан өткен. Ал халықаралық саясат Осман империясынан бері түрік мемлекетінің басты бір басымдығы болған. Оның үстіне бүкіл түркі халқы, соның ішінде түріктер үшін биік рух, намыс мәселесі қарыннан жоғары, биік тұрған. Түркияда экономикалық ахуал нашарлады деп шағымданған түрікті аз кездестіресіз.

Мұның прагматикалық жағы да бар. Егер соғыс тоқтаса, Украинадан Түркияға ағылған босқындар легі де азаяды. Соғыс басталған алғашқы күннен бері Анкара Украинаның өзін және мүддесін қорғап келеді.

Батыс елдері Киевтің құлайтынына бек сеніп, қару бермей қарап отырғанда, дәл осы Түркия соққы беруші дрондарын, бронды жилеттерін, басқасын беріп, көмекке келді.

РФ әскери кемелерін өз аумағы арқылы өткізбей, бұғаттап тастады, сөйтіп Ресейдің Украинаны жан-жақтан кемемен қамап, десант қаптатуына жол бермеді. Соғыстың алғашқы күнінен Түркия өз аспаны арқылы Мәскеудің әскери және азаматтық авиациясының ұшуына тыйым салды.


Осының бәрі Ресейге соғыста тез жеңуіне жол бермеді, Мәскеудің түптің-түбінде бітімге илігетіндей ауыр ахуалға душар болуына ықпал етті. Бұл тұрғыдан алғанда Түркия – Украинаның әскери стратегиялық серіктесіне айналды.

Сондай-ақ, Ресейдегі империяшыл күштер түркі тілдес халықтарға – бірінші кезекте, Қазақстан мен Әзірбайжанға, сондай-ақ Грузия, Сириядағы түркі ұлыстарына қауіп төндіретіні жасырын емес. Бұған Қырым татарларының жаппай қудаланғанын қосыңыз. Түркия Украина майданында Мәскеуден төнуі мүмкін осы қауіп-қатерді де бейтараптандырып, залалсыздандыруда.

Анкараның Украина және Қазақстанда соғыс беспилотниктерін шығаратын зауыт салуға ынта білдіріп, жоспар-жоба құруы да біраз жайттан хабар береді.

Мәскеудің саясаты "не жауымсың, не досымсың" деп ақ пен қараға ғана бөлетін залалды дихотомияға құрылған. Ал шығыс саясаты әлдеқайда көп қырлы, кең диапазонды, көп спектрлы.

Мысалы, Анкара үшін Мәскеу аймақтағы қарсылас. Бірақ Ресеймен сауда-саттық жасауға, экономикалық ынтымақтасуға болатын салаларда Түркия солай жасайды. Алайда саяси бақталастар екенін естен шығармайды. Олар Орталық Азияда, Оңтүстік Кавказда, Таяу Шығыста, Қара теңіз аймағында, Ливияда, Сирияда саяси қарсыластар болып табылады.

Сондықтан Мәскеу илікпеген тұста Анкара онымен текетіреске, тайталасқа түседі. Келісуге болатын жерде ымыраға келеді.

Түркияның халықаралық саясатта алыптана, айбындана түсуі біздің бәріміз, соның ішінде Қазақстан үшін де маңызды, әрі стратегиялық қажеттілік. Ол бізге қорған болады.

Бұл тұрғыдан алғанда қуатты Түркия – әлсіз Ресей деген сөз.

 

Түркия Украинаны Ресейге жығып бермейді


– Ердоған Киевке келгенде не шешті деп ойлайсыз? Гуттериш екеуі тізе қосып, Зеленскийді ресейлік әскерлер басып алған жерлерді соларға бере салып, бітімге келуге үгіттеген деген болжамдар айтылуда. Тіпті Батыс басылымдары да Ердоған мен Путин тым жақындасып кетті деп жазуда.

– Бұл жалған жорамалдар. Ердоғанның бұл сапары таза гуманитарлық мәселелерге қатысты болды. Әлгіндей жала сөздерді негізінен ресейлік дереккөздер дезинформация үшін таратады.

Қынжылтатыны сол, оны украиналық кейбір сарапшылар іліп әкетті. Спекуляциямен айналысатындар иек астындағы дүниеден басқаны көре алмайды, жағдайдан еш хабары жоқ. Шынында, Украинаны жығып беру Түркияға қолайлы емес, бұл Мәскеудің рухын көтеріп, әлеуетін нығайтып, басқа көршілеріне де басқыншылық жасауына шабыттандырар еді.

Ердоғанның бұл сапары Запорожье атом электр станциясымен байланысты болды (ол АЭС-ті РФ әскерлері биылғы наурыз айының басында басып алып, оның аумағына әскери техникаларды кіргізді және айналасын миналап тастады). Білуімше, бұл мәселе шешілген. Станцияға атом энергиясы халықаралық агенттігінің инспекторлары жіберілетін болды. Бұл – сапардың күн тәртібінде тұрған бірінші мәселе болатын.


Екінші мәселе – бұған дейін қол жеткізілген астық келісіміне қатысты қосымша туындаған мәселелер болды. Ол осы келісім әрі қарай жұмыс істеуі үшін қажет. Үшінші мәселе – тұтқындар алмасу, РФ тегіс қырып тастауға ынтығып отырған "Азовсталь" қорғаушыларын азат ету. Ол іске де Түркия атсалысуда.

Ал Зеленскийді бітімге көндіруге келсек, Батыс әлемі де, Түркия да, Ресей де биік деңгейдегі саяси келіссөздерге әзір ерте екенін, оның уақыты келмегенін жақсы түсінеді.

Өйткені ондай келіссөздер уақыты майдан даласында тараптардың бірі ірі жетістікке жетіп, басымдыққа ие болғанда ғана туады. Яғни ойсырай ұтылған жақ тоз-тоз болып, құрымау үшін бітімгерлердің көмегіне жүгінеді. Бүгінде алғы шепте қос тарап та итжығыс түсуде. Демек екеуі де жеңіске жетуден үмітті.

– Осы орайда Мәскеу Орталық Азияға ықпалын қайтадан күшейте бастаған сыңайлы. Мысалы, В.Путин биылғы қазанда Нұр-Сұлтанда өтетін ТМД саммитіне қатыспақ. 15-16 қыркүйекте Самарқанда Шанхай ынтымақтастығы ұйымының саммитін өткізеді. В.Путин Ресей және Қазақстанның қорғаныс министрліктері ҰҚШҰ аясында қазақстандық "Мәтібұлақ" полигонында бірлескен әскери жаттығуларды дайындап жатқанын меңзеді. Кремль осы аймақты тізе бүктіруде ме?

– Мұның бәрі, тіпті әскери жаттығулар да тек саяси сипатқа ие. Қазір РФ әскері Украина жерінде "батпақтап" жатыр. РФ экономикасы қос майданда қатар қимылдауды көтере алмайды.

Мысалы, азатшыл Қазақстанды күштеп, құрамына қосып ала алмайды. Мұның бәрі жаһан жұртшылығына жария жасалған көзбояушылық, бос даңқұмарлық. Қазір оқшауланған РФ Орталық Азиямен сауда жасап, өрісін ұзартуда. Қазақстанға шапқыншылық жасаса, ол мүмкіндіктен де айырылады.

Оның үстіне Қазақстан, Орталық Азия елдері Түркиямен де әскери ынтымақтастығын нығайта бастағанын ұмытпаған жөн. Мәскеу әскери жаттығуларды сылтауратып, қазақ жеріне әскер кіргізеді, жаңа соғыс бастайды дегенге сеніңкіремеймін.

Мысалы, Ресей Түркияның тікелей әскери көмегімен оккупацияланған жерлерін қайтарып жатқан Әзірбайжанға қарсы шыға алмай, Арменияға көмекке келе алмай отыр. Өйткені оның ар жағында Анкара тұр. Меніңше, егер Ресей Орталық Азияда қырғын салса, Түркия оны құртып тынады.


Дегенмен бұл елдерге сақтанған, Мәскеудің және ресейлік әскерлердің нақты келісімдерден, шеңберлерден ауытқымауын қадағалаған абзал.

Дайындаған Жанат АРДАҚ

Тағы оқыңыз:

https://dalanews.kz/bilim/80622-mugalimder-zang-boyynsha-ozine-tan-emes

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x