Голландия елшісі: "Ресейде болашақ жоқ"

Dalanews 17 қар. 2016 16:19 276

Атырауға Голландияның Қазақстандағы, Тәжікстандағы және Қырғызстандағы төтенше және өкілетті елшісі Дирк Ян Коп жұмыс сапарымен келіпті.


Ол Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың қабылдауында болған. Айтпақшы осы қабылдауда әкім елшіге: «Қазақша сөйлесейік. Келесіде үйреніп келіңіз» деген болатын. «Ақжайық» басылымы елшімен кездесіп бірқатар сауал қойыпты. Әрине, сұхбатты толық бермейміз. Оқылымды деген тұстарын екшеп алдық.


«Иә, қиындықтар бар»


Біздің кәсіпорындар үшін негізгі қиындықтар сіздің елдегі бірқатар заңнама актілерінің жетілмегендігі болып табылады. Жақында 19 жыл келіссөз жүргізілгеннен кейін Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) мүше болды. Бұл біздің қарым-қатынасымызды дамыту үшін өте жақсы тұғырнама.


Бастысы — Қазақстан сөзбен емес, іс жүзінде ДСҰ мүшелігінен туындайтын бүкіл, соның ішінде құқықтық мәселелерге қатысты міндеттемелерін орындауы керек. Ал бұл өкінішке қарай, үнемі жүзеге аса бермейді. Әрине, оңай емес, бірақ, бұл өзара тиімді ынтымақтастық үшін қажет. Осы мәселелер бойынша біз Астанадағы сіздің үкіметпен үздіксіз диалог жүргізудеміз.


Азық-түліктерді экспорттау бойынша Голландия әлемде 2-ші орында? Біз ше?…


Иә, елші солай дейді. Айтуынша, бұл тұрғыда оларға Қазақстан өте тартымды екен.


«Голландияда тиімділігі жоғары ауыл шаруашылығымен айналысады, ол азық-түліктерді экспорттау бойынша дүние жүзінде екінші орын алады. Әрине, бұл тұрғыда біз үшін ауқымды Қазақстан өте тартымды.


Мәселен, біздің технология бойынша көкөніс және гүл өсіру жылыжайларын, құс фабрикаларын, сүт фермаларын салу туралы айтып отырмын. Біз қызығушылық танытып отырған тағы бір сектор – су қорларын басқару. Бұл бағытта біздің 1000 жылдық тәжірибеміз бар. Бізде су көп, сізде аз. Дегенмен, сіз бен бізге кейде одан қорғануға тура келеді. Жалпы, бұл әлеуетті сала ынтымақтастық үшін өте ауқымды – су қорларын тиімді пайдалану, кәріздік жүйелер, ауыз су… Голландия бұл мәселеде №1 сарапшы болып табылады.


Тағы бір келешегі бар мәселе – спутниктік мәліметтерді пайдалануды дамыту. Оларды, мәселен, мұнай мен газды іздеу кезінде геологиялық барлау жұмыстарына, Каспий теңізінің деңгейіне мониторинг жасағанда, ауыл шаруашылығында ойдағыдай пайдалануға болады» дейді Коп мырза.


Қашағанда мұнай өндіру қаншалықты тиімді?


Егер мұнай бағаларының қалай өзгеретінін білсек қой! Акциялар сатып алып, табысты бизнесмен болар едім. Ал шындығын айтсам, қазір мұнай нарығының қалай боларын ешкім де дөп басып айта алмайды. Қалай дегенмен де, NCOC-тағы кездесу кезінде бүгінде Қашағандағы мұнай өндіруге қатысты проблема жоқ екендігіне сендірді. Қашағанға 60 млрд доллардан астам қаржы салынды, бұл көп ақша.


Қызғалдақтардың Голландиядан әкелінетіні рас па?


«Иә, қызғалдақтардың барлығы голландық» дейді елші. Қазақстанға бір емес, он Голландиядан артық сиятын шығар. Соған қарамай біз қызғалдақты осы елден тасимыз. Айдаладан…


«Күн сайын таңертең Амстердамда гүл аукционы өтеді, ұшақтармен гүлдер дүние жүзіне таралады. Қазір Колумбия, Эквадор, Кения секілді елдер гүл өсіру шаруашылығын ойдағыдай дамытуда. Алайда, голландық қызғалдақтар – бұл бренд. Қазақстанда Голландиядан өсірілген раушан гүлдері көп көлемде сатылады. Бірақ, раушан гүлі сіздерде де – біздің технология бойынша салынған жылыжайларда өсіріледі» дейді ол.


Кішкентай мемлекет


Елші осылай деген екен. Осы бір кішкентай мемлекетте 17 млн. тұрады. Ал осы елдің астанасы – Амстердам Еуропадағы нөмір 1-ші транзиттік орталық екен. Голландияға тоқтайтын рейстердің 80 пайыз жолаушысы – транзиттік жолаушылар. Солай.


Мақс Боқаев пен Талғат Аянға Голландия елшісінің не қатысы бар?


Біз білмеппіз. Атыраудағы азаматтық белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аяновтың сотына Қазақстандағы Голландия елшілігінің өкілі де қатысқан екен. Бұған қатысты Дирк Ян Коп мырза былай депті:

«Бұдан бұрын айтып өткенімдей, біз үшін Қазақстанның дамыған ел атану тұрғысындағы амбициясы іс жүзінде дәлелденгені өте маңызды. Осы жерде салмақты коммерциялық мүддеміз бар болғандықтан, сіздің елде тек үкімет деңгейінде ғана емес, қоғамдық өмірде не болып жатқанын, қандай проблемалар бар екендігін білгіміз келеді. Мұнда бізге Қазақстан билігі, ҰЕҰ және БАҚ-тар ұсынған ақпараттарға тәуелді болып қана қоймай, не болып жатқанын өз көзімізбен бақылау да маңызды. Сіздің елшілік те басқа елдерде, соның ішінде, менің елімде де осылай жасайды».


«Трамп Американың дәстүрлі принциптерінен аттап өте алмайды»


Елшінің АҚШ президентінің сайлауында жеңіске жеткен Дональд Трампқа қатысты пікірі осындай.


«Өз атымнан айтарым, сол Америкадағы, Батыс Еуропадағы, Жапониядағы саяси жүйе – жекелеген адамның көзқарастарына қарағанда салмақтырақ, тіпті, мемлекетте басты лауазымда отырған адам үшін де. Әрине, кімнің президент болғандығы маңызды. Бірақ, Трамп қанша қаласа да, әлдебір негіз болатын принциптерді бұзып, бәрін күрт өзгерте алмайды. Не болатынын көреміз. Әрине, өзгерістер болады – халықаралық сауда қатынастарында, көші-қон процестерінде және т.б. Содан соң төрт жылдан кейін тағы да сайлау болады ғой…» дейді ол.


Путин ше? Елші Ресей туралы не дейді?


«Екінші Дүниежүзілік соғыстан кейін әлемде белгілі бір тәртіп орнады. Мұнда басты элементтердің бірі – мемлекеттік шекараның беріктік принципі болып табылады. Батыс мұны заңды алаңда және Кеңес Одағымен бірге жасады.


Соңғы 70 жыл ішінде алғаш рет бір мемлекет екінші мемлекеттің шекарасын күшпен ауыстырды. Мен өзіңіз түсініп отырғандай, Қырым аннексиясын айтып отырмын. Бұл біз үшін түсініксіз және қабылданбайтын әрекеттер. Сондықтан да санкциялар енгізілді. ЕО санкциясы мен экономикасына келер болсақ, Ресей экономика тұрғысында, айталық, Испаниямен салыстырмалы түрде өте үлкен ел емес. Шығыс-еуропалық және Орта Азия елдері үшін болашақ Ресейде емес, бізде, Батыс Еуропа мен АҚШ-та екені айқын».


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x