Патрик ван ЛИУВЕН: «Балаңызды голланд футбол академиясына әкеліңіз»

Dalanews 21 мам. 2016 23:13 266

999666_279118855566255_716773193_n«Қала мен Дала» газеті Голландиядан келген танымал футбол маманы,  біраз уақыт «Қайрат» футбол клубының спорт директоры болып қызмет атқарған Патрик ван Лиувенмен әңгімелескен еді. Патрик балаларға арналған футбол академиясын ашып жатыр екен. «Келушілерге есік ашық» дейді.

 – Біздің футболшыларға не жетпейді осы? Мықты қарсыласпен кезіккенде тіземіздің дірілдейтіні неліктен?

– Мықтының аты – мықты, мойындау керек. Қазақ футболшылары ешкімнен кем емес, тек алаңдағы міндетін дұрыс түсінбей жатады. Бұл – шеберліктің төмендігі емес, тактиканың кемшілігі.

– «Қайратпен» арадағы келісімшарт аяқталды. Бірақ, білуімізше Қазақстанда біраз аялдайтын сияқтысыз...

– Иә, сіздерде футболды дамытатын үлкен мүмкіндік бар. Талантты жастар көп. Бірақ, олар қалқада жүр. «Қайратпен» келісімшартқа отырған соңғы 3 жылда қазақ футболының қарқынын, әлуетін бағаладым. Кемшілігін де көрдім. Осы кемшіліктерді түзеуге атсалысқым келеді. Ол үшін балалар футболынан бастау керек. Осы мақсатта Қазақстандағы балалар футболын жаңа деңгейге көтеретін академия ашпақпын.

– Қазақ футболының ең басты кемшілігі неде?

– Тәртіп аз...Академияны ашуымыздың бір себебі – осы тәртіпті түзеу. Бірақ, аға футболшыларды өзгерте алмаймыз, олардың ізін басып келе жатқан бала футболшылармен өзіміздің философиямызбен бөліспекпіз.

– «Қайраттан» не себепті кеттіңіз?

– Футбол клубының басшылығымен клубтың болашағына қатысты көзқарасымыз сай келмеді. Мен «Қайратта» үш жыл жұмыс істедім және клубтың дамуына белгілі бір дәрежеде атсалыстым. Осы жолды жалғастыру керек еді. Бірақ, бұл мүмкін болмады. Сондықтан да келісімшартым аяқталғасын клубтан кету туралы шешім қабылдадым.

Футболда басшылықпен арада түсінбестік туындаса жұмыс істеу өте қиын.

– «Қайраттың» спорттық директоры ретінде қай салаға жауап бердіңіз?

Мен «Қайраттың» жастар командасы мен академияның жұмысын бақыладым. Сонымен бірге, селекциялық жұмыстармен айналыстым.

– Жоғарыда айтып өткендей, «Қайраттан» кетсеңіз де, Қазақстаннан кеткіңіз келмепті. Қазақ балаларына ала доптың қыр-сырын үйрететін академия ашыпсыз.

– Иә, осы акамедия арқылы балаларға аяқдоптың техникасы мен тактикасын үйрететін боламыз.

– Академияға қабылдаудың талап-шарттары қандай?

– Біздің талабымыз жеңіл, доп тебуге ынтасы бар балалардың барлығын қабылдаймыз. «Қайраттың» академиясына тек үздіктер іріктелетін. Біз барлығына мүмкіндік береміз.

Академия– Балаларды жаттықтыратын футбол мамандарын қайдан алдырасыз?

– Алдымен Голландиядан  бірқатар білікті маманды шақыртамын. Олар өз кезегінде қазақстандық бапкерлермен білген-түйгенімен бөліседі. Негізінен, отандық жаттықтырушыларға арқа сүйеймін.

– Құпия болмаса, мұндай академия құрудың құны қанша?

– Әзір кеткен қаражатты санап жатырмыз. Айтарым, аз емес. Балаларды жаттықтыру үшін Алматы қаласынан лайықты деңгейдегі футбол алаңдарын іздестіру үстіндеміз. Оларды жалға аламыз. Әзір сапасына көңіл толарлық екі футбол алаңын таптық.

– Жалпы, қазіргі дағдарысты ескерер болсақ, бұл жобаның ғұмыры қаншалықты ұзақ болады?

Барлығын уақыт көрсетеді. Өз басым осы жобаға шын ынта-ықыласыммен кіріскелі отырмын. Бастысы, сапа болады. Балаларды жаттықтыруға, оларға футболдың техникасын мен тактикасын үйретуге жүрдім-бардым қарамаймыз. Себебі, барлығы бала жастан алған тәлім-тәрбиеге байланысты. 

– Футболдың философиясы дедіңіз. Сіздің футболдағы ұстанымыңыз қандай сонда?

– Бұл – менің ғана емес, тұтастай алғандағы голланд футболының философиясы. Біз белгілі бір ойыншының талантын сарқа пайдаланамыз. Яғни, оның бар мүмкіндігін білгіміз келеді. Бұған қоса ойындағы тәртіпке, техникаға және тактикаға баса мән береміз. Ілгеріде айтқанымдай, барлығы бала жастан басталады.

Академияда қорғаныста қалай әрекет етудің, тез арада қорғаныстан шабуылға шығудың, нәтижелі шабуыл жасаудың жолдарын үйретеміз. Қазақстанға келмес бұрын мен Донецкінің «Шахтерінде» жұмыс істедім. Ол жақтан да көп нәрсені көрдік. Ендігі жерде көрген-білгеніммен қазақ балаларымен бөліспекпін.

– Айтпақшы, қазақ балаларын Бразилияға жіберу өзін қаншалықты ақтады деп ойлайсыз?

Менің білуімше, ол жаққа ең үздік деген бара алмайды. Осыны түсінбеймін. Ендеше бұдан түк шықпайды деген сөз. Менің ойымша, Бразилияға бала жібергеннен гөрі, ол жақтағы білікті бапкерлерді осында шақыру керек. Болмаса қазақ бапкерлерін Бразилияға жіберген жөн. Ол жақтан тиісті әдістемелерді үйреніп келген олар мұны осындағы жұмыстарына қолдана алады.

– Қазақстандық клубтардың арасында Голландиядағы жоғары лигада өнер көрсете алатын ұжымдар бар ма?

– Әрине. Бірінші кезекте «Астана» мен «Қайратты» атап айтар едім.

– «Қайратта» селекциялық жұмыстармен айналыстым дедіңіз. Клубқа қандай талантты футболшыны әкелуге ұйытқы болдыңыз?

– Алматылық жанкүйерлер жақсы білетін Исаэль және Гоу сияқты футболшыларды тапқан мына мен. Бірақ, бұлар шетелдіктер. Ал отандық футболшылардың ішінде Исламбек Қуатты Қайратке әкелуге себепкер болдым. Болашақта бұл футболшы команданың көшбасшысы болуға әбден лайық.

– Қазақстанға келген шетелдіктер Астананы, Алматыны мақтап жатады. Қазақтың қонақжайлығын сөз қылады. Мұның бәрі жөн. Осы үш жылда сіз Қазақстан туралы қандай көзқарас қалыптастырдыңыз?

– Сіздер бізге, еуропалықтарға қарағанда мүлде бөлексіздер. Болмысымыз мүлде сәйкес келмейтін тұстар көп. Қонақжайсыздар, мұны да айту керек. Алайда сіздер бүгінгі күнмен өмір сүретін сияқтысыздар. Болашақты болжауға батпайсыздар...

Бұл әсіресе жастарға қатысты. Олар ертеңгі өмірін жоспарлай алмайды. Бізде Еуропада жастардың мектептен жоғары оқу орнына түскен, одан соң жұмысқа тұрғанға дейінгі өмірі жоспарланған. Олар қайда түсетінін, қайда баратынын, қай жерге жұмысқа тұратынын күні бұрын біледі. Осы жоспарының бұзылмасына сенеді. Ал сіздерде мұндай сенім жоқ сияқты...

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан, Думан БЫҚАЙ


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
ТЕЛЕ2 - БАСТЫҚ1
22 сәу. 2024 18:05
x