Жетісудың үздік ұстаздары анықталып, құрмет көрсетілді

Dalanews 13 қаз. 2020 13:58 297

«Білекке сенген заманда ешкімге дес бермедік, білімге сенген заманда қапы қалып жүрмелік» деп Абылай хан кемел келешек иелерінің жігерін жанығаны есті жанға белгілі. Дәл сол білім мен ғылым ғасырына табан тіреген сәтте, қоғамның шам- шырағы болғандар ұлағатты ұстаздар екені анық.

Қазанның алғашқы жексенбісіне тұспа-тұс келген ұстаздардың айшықты мерекесі олардың мерейін үстем етері сөзсіз.

Бүгінде мұғалімдер қауымы олар сүйреген білім атты кеменің бағыты қашанда билік назарында.

Оған дәлел, ел аумағында мектептің материалдық-техникалық базасының жыл сайын жаңартылып, одан қалса жаңа білім ордаларының бой көтеруі. Мәселен, тек Алматы облысында ғана ағымдағы жылы  32 білім беру нысанының құрылысы жүргізілді. Оның ішінде үш ауысымды оқытуды жою үшін 17 мектептің салынуы білім саласына аударылған назардың басымдығын көрсетпей ме? Қала берді дәл биылғы жылы облыста 55 білім беру нысаны күрделі жөндеуден өткен. Бұл мақсатқа қазынадан 23,9 млрд теңге қаржы қарастырылған.

Жалпы 2020 жылға білім саласын қаржыландыруға 320,9 млрд теңге қаржы бөлінген. Ал Жетісу өңіріндегі білім мекемелерінің материалдық-техникалық базасын жаңартуға 2020 жылға 5 млрд 070 млн теңге берілген.

Нысанның жаңарғаны, жарқын болашақ иелерінің сапалы білім алуына ықпал етері сөзсіз. Соңғы тоғыз айдағы есеп бойынша Алматы облысында 1181 мектепке дейінгі мекеме  жұмыс жасаса,  аталған нысан қабырғасында 87318 бала тәрбиеленуде.

Дәл осындай бүлдіршіндерді облыс бойынша 41 625 педагог білім нәрімен сусындатып отыр.

Мереке қарсаңында барлық облыс аумағындағы мұғалімдер қауымы елеусіз қалмайтыны анық. Солардың ішіндегі бір парасын өңір басшысы Амандық Баталов салтанатты шарада арнайы құттықтады.

– Тұңғыш Президентіміздің бастамасымен 2019 жылы «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданып,  мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың  Халыққа Жолдауында  мұғалімдердің дәрежесін көтеріп, жағдайын жақсартуға  ерекше мән берілді. Расында, ұстаз – ұлы мамандық. Ұрпақ бойына білім нәрін құйған еңбектеріңіз орасан. Сіздерге шығармашылық табыс тілеймін. Баршаңызды кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын, – деді облыс әкімі Амандық Ғаббасұлы өз сөзінде.


Жиын барысында еңбегімен еленген бір топ ұстаздар қауымы лайықты марапаттарын алды. Мереке күні мерейлері артқан ұстаздар қатарында Талдықорған қаласы № 22 орта мектеп мұғалімі Рахиля Ақшолақова, Алматы облыстық білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығының директоры Алуа Қабдулова, Қ.Байсейітов атындағы Талдықорған саз колледжінің арнайы пән оқытушысы Камил Нағиметуллаұлы, Сарқан политехникалық колледжі директорының өндірістік оқыту жұмысы жөніндегі орынбасары  Бауыржан Тобышақовта бар. Олар  Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің  «Ы. Алтынсарин» төсбелгісін кеуделеріне тақты.

Одан өзге, «Үздік ауыл мектебі» номинациясының жеңімпазы Қарасай ауданы, Алмалыбақ ауылындағы орта мектеп-гимназиясы директоры – Сәуле Махамбетова атанса, «Үздік кәсіптік білім беру ұйымы» номинациясы бойынша, Жамбыл атындағы Ұзынағаш кәсіптік  колледжі  директоры –  Болат Алтаев жеңімпаз деп танылды.

Ал «Үздік сынып жетекшісі»  аталымында оқ бойы озған Алакөл ауданы Үшарал №1 орта мектептің мұғалімі,  Айгүл Ахметова болды. Барша жеңімпаздарға  І дәрежелі диплом және 500 мың теңге табысталды.

Ұстаздар ұлағатын сарапқа салатын облысымыздың «Жылдың үздік мұғалімі» аталымында Ақсу  ауданы, Ғани Мұратбаев атындағы орта мектептің математика пәні мұғалімі Асыл Қаймұханов жеңіп шықты. Үздік атанған ұстаз темір тұлпар мінді.

Осылайша, елінің өркендеуіне шәкірт тәрбиелеу арқылы үлес қосып жүрген жандар лайықты марапатқа ие болды.

– Бұл еткен еңбектің жемісі деген ойдамын. Өте қуаныштымын. Сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Алдағы таңда бұдан да жақсы нәтижеге қол жеткіземіз. Әр ұстаз өз мамандығын жақсы көруі керек. Мен өз шәкірттерімнің өмірден орындарын табуға көмектескім келеді. Ұстаздағы басты қасиет алдындағы оқушыға деген шексіз мейірім деген ойдамын. Біз аса үлкен ықыласпен шәкірт тәрбиелеу ісінде жауапкершілік таныту керекпіз, – деді «Жылдың үздік мұғалімі» Асыл Қаймұханов.


«Алты Алаштың игі жақсысы бас қосса, төрдегі орын ұстаздікі» деген Мағжан Жұмабаевтің орамды сөзінен-ақ ұстаздардың қашанда қадірлі жан екенін аңғару қиын емес.

Қоғамның әр саласының тізгінін ұстаған зиялы қауым да, айды бағындырған адамда, елді аузына қаратқан дана да ұстаз атты ұлағатты тұлғадан тәлім алды.

Жастардың жалынатуы да осы бір қастерлі жандарға тікелей байланысты.  К.Д.Ушинский айтқандай «мұғалім ісі сырттай қарапайым болғанмен – тарихтағы ең ұлы істің бірі».  Тарихтың сан парағына қайталанбас қолтаңбаларын шәкірттері арқылы қалдыратын қауымның еңбектері ерен.

Анар САБЫРОВА, Алматы облысы.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
ТЕЛЕ2 - БАСТЫҚ1
22 сәу. 2024 18:05
x