12 жылдық білім: ТМД-да озып тұрмыз

Dalanews 12 қар. 2020 09:47 1062

ТМД аумағында 12 жылдық білім жүйесін сынақ ретінде алғаш болып енгізген елдердің алдыңғы қатарында тұрған біздің мемлекетіміздің осы бағыттағы тәжірибесіне өзге елдердің қызығушылығы артып отыр.

Солтүстіктегі көршіміз Ресей Қазақстаннан үлгі алып, 2015 жылдан бастап 12 жылдық білім жүйесіне көше бастаған болатын. О баста Қазақстанның іс-тәжірибесін жоғары бағалаған орыстар біздің әдістемелік бағдарламалармен танысып, ұстаздармен тәжірибе алмасқан болатын. Жуырда мен Мәскеу мемлекеттік педагогикалық университетінің арнайы шақыруымен осы оқу орнындағы биология факультетінің ұйымдастыруымен өткен халықаралық конференцияға қатыстым. 12 жылдық білім жүйесіне ауысу жолында біршама тәжірибе жинаған мемлекеттік маманы ретінде Қазақстан атынан мұндай маңызды басқосуға қатысып, көкейге түйген ойларымды ортаға салу менің еліміздегі білім беру жүйесінің қандай деңгейге көтерілгенін көрсетіп бергендей болды.

Мәскеуде өткен дәл осы жиынның алдында Абай атындағы ҚазҰПУ-де өткен онлайн-семинарға мәскеулік профессор, педагогика ғылымдарының докторы Николай Богдановпен ой бөлісіп, 12 жылдық білім беру жүйесіне қатысты біраз мәселелерді біраз талқылаған едік. Кейіннен Николай Александрович мені Мәскеу мемлекеттік педагогикалық университеті ұйымдастырған онлайн-семинарға қатысып 12 жылдық білім беру жүйесіне қатысты ойымды ортаға салуды ұсынғаннан кейін, мен ресейлік әріптесімнің ұсынысына қуана келістім.

Биология, химия және жаратылыстану сияқты негізіг пәндер бойынша сабақ беретін ұстаздар бас қосқан бұл семинар барысында мәскеулік мамандар 12 жылдың білім беру жүйесіндегі Қазақстанның іс-тәжірибесіне тереңірек үңілгісі келетінін алға тартты. Оның ішінде 12 жылдық білімдегі бастауыш сыныптарға арналған бағдарламалардың да маңызын түсінуге тырысты.

Жалпы, жаратылыстану пәні – биология пәніне ең жақын келетін пән. Жаратылыстанумен қатар, оның адам және қоғам сияқты тармағы да біздегі базалық білім жүйемізде бар нәрсе. Оларды қызықтырған да осы дүниетану пәнінің бастауыш сыныптарда оқытылу бағдарламасы болды. Осы ретте ресейлік ғалымдар 12 жылдық білім беру жүйесіне көшу ісін қолға алғанымен, бұл бағытта ауыз толтырып айтатындай тәжірибесі де, қолданған оқу бағдарламалары да жеткіліксіз екенін мойындады. Ал біздегі бірқатар мектептер 12 жылдық білімді сынақ жүзінде енгізіп, қазір бұл бағытта көптеген іс-тәжірибелерге қол жеткізіп отыр. Сынақ әлі де жүріп жатыр. 12 жылдық білімге ауысқан біздің А.Жұбанов атындағы Дарынды балаларға арналған республикалық музыкалық мектеп-интернаты. Сол себепті мәскеулік әріптестеріміз биология мен экология пәндері бойынша Қазақстанның іс-тәжірибесінен біліп қалуға күш салды. Осы ретте ТМД елдерінің ұстаздары қатысқан онлайн-семинарда 12 жылдық білім беру жүйесін ерте бастан қолға алған Қазақстанның батыл әрекетін жоғары бағалағанын айта кетуім керек.

Семинарда көптеген ұстаз-ғалымдар сөз сөйлеп, қазіргі таңда Ресейде 12 жылдық білім беру жүйесі бойынша биология пәні бойынша білім бағдарламаларын Қазақстанның тәжірибесіне сүйеніп, жетілдіре түсу керек екенін алға тартты. Бір байқағаным, Ресейде оқу стандарттары бар болғанымен, оның нақты мазмұны мен тәжірибесі қалыптаспағанына көз жеткіздім.

Онлайн басқосуда ұсынған баяндамамның тақырыбы «Жаратылыстану. Адам және қоғам пәні бойынша білім беруді күтілетін нәтижеге бағыттау» деп аталды. Қазақстанның 12 жылдық білім беру ісіне көшуде бағдарламалардағы бөлінген сағаттардың мазмұны мен бағыты ТМД елдеріндегі ұстаздарды қатты қызықтырды. Қазіргі таңда білім деңгейі алған білімнің көлемімен анықталмайды, сол білімнің негізінде әртүрлі мәселелерді шеше алу қабілеттерімен өлшенеді. Басқаша айтқанда, тұлғаға бағдарланған іс-әрекеттік тәсіл – білімнің мәні мен маңызын жоққа шығармайды, ол оқушылардың алған білімді пайдалана алуы қабілеттеріне көңіл аударуға басымдық беріледі.

Кездесуде әріптестеріміз біздің мамандандырылған мектебімізге қатысты көптеген сұрақтар қойды. Біздің мектеп стандарт бойынша берілетін жалпы біліммен қатар музыкалық мектеп болып табылады. Мұндай дарынды балаларға арналған тереңдетілген, мамандандырылған музыкалық мектеп-интернат балаларды оқытуда жалпы білім мен арнайы білімнің екі жағын бірдей қамтиды.

Гүлбаршын ЖАКИШЕВА, А.Жұбанов атындағы Дарынды балаларға  арналған республикалық музыкалық  мектеп-интернаттың ұстазы.    

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар