Жастардың робототехникаға қызығушылығы артып келеді

Dalanews 16 желт. 2017 02:09 451

 

Таяуда «Шеврон» комнаиясының қолдауымен Алматыда мектеп оқушылары арасында «IITU Robocon Games» үшінші рет робототехника саласы бойынша чемпионат болып өтті. Алматыдағы «Мирас» мектебінде өткен шараға Алматы қаласы мен Алматы облысындағы физика мен математика пәндерін тереңдетіп оқытатын үздік мектептердің оқушылары қатысып, өздері құрастырған роботтарының сынады.

Шараға қатысқанымызда жарыстың басты демеушісі «Шеврон» компаниясы қазақ жастарының робототехника саласына қызығушылығын оятуға барынша қолдау көрсетіп отырғанын байқадық. Болашақта бұл жарыс республика аумағын қамтып, Қазақстан бойынша робототехника саласына қызығатын жастардың шоғырын қалыптастырса, таңқалмас едік. Биыл додаға 15 мектептің түлектері қатысып, өздері құрастырған құлтемірлердің артықшылығы мен кемшін тұстарын сынау мүмкіндігіне ие болды. Жарыс кезінде «Мирас» мектебінің түлегі Мұстафа Құрмет есімді алғыр жасты әңгімеге тарттық.

– Бүгінгі жарысқа біздің «Мирас» мектебінен бірнеше команда қатысып жатыр. Өзім соңғы уақыттары робототехника саласына қатты қызығып жүрмін. Робототехника саласында команда болып жұмыс істеудің  маңызы зор. Роботты бір ғана адам құрастырмайды. Айталық, біздің ұзын қолы бар құлтемір бірнеше бала бірігіп құрастырдық. Біріміз роботтың конструкциясын жасаса, бағдарламашы достарымыз роботтың бағадарламасын жасап, оны жадына енгізді. Болашақта робототехника саласы бойынша маман болғам келеді. Қазіргі таңда дамыған елдерді өндіріс ошақтарында адам денсаулығына залалды жұмыстарды бәрін де роботтар атқарыды. Болашақта өндіріс саласына қажетті робаттарды құрастырғым келеді. Осы бағытта білімімді кеңейтуді көздеп отырмын, – деді.



Алматы облысы Талғар ауданындағы "Арыстан" мамандандырылған лицейінің түлектері әскери салаға арналған роботтарын жұртшылық назарына ұсынды. Лицей түлектері болашақта түрлі аумақтарды әскери миналардан залалсыздандыратын роботтарды құрастыруға ынталы екендерін айтты. Жарысқа қатысып, түрлі роботтарды тамащалағында қазақ жастарының робототехника саласына деген қызығушылығы жоғары екенін байқадық.

Бүгінде қарапайым ғана роботтарды құрастырған жастарымыз болашақта Қазақстанда инновациялық экономикаға бет бұрған Орталық Азиядағы маңызды елге айналдыратыны анық. Қазақстандағы робототехника саласын дамытудың маңызын түсінген «Шеврон» компаниясы новатор жастардың басын қосып, үлкен іске бастамашы болғанын құптаймыз.



Осы ретте айтулы шараны ұйымдастыруға барынша күш салып жүрген Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің қызметкерлерінің де еңбегі зор екенін айта кетуіміз керек. Оқу орын басшылары бүгінде Қазақстанда робототехника саласын жастардың қызығушылығын ояту үшін арнайы оқу бағдарламасын дайындап, оны еліміздегі бірқатар мектептерге енгізіпті. Осы оқу бағдарламасы бойынша тәлім алған жастар «IITU Robocon Games» сайысының көркін қыздырды. Мұндай жарыстар Қазақстанда зияткер ұлтқа айналдырып, инновациялық технологияның игілігін көруге негіз болатыны анық.





Нұрлан Жұмақанов

 

https://dalanews.kz/28308

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x