Сенатор ұстаздар еңбекақысын көтеруге шақырды

Dalanews 17 қар. 2017 04:52 279

Парламент Сенаты Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің депутаттары көшпелі отырыс аясында Астана қаласындағы білім беру мекемелерінде болды.

Сенаторлар №23 орта мектепте оқу үдерістерімен танысып, ұстаздармен және оқушылармен әңгімелесті. Депутаттар оқу сыныптарында, спорт залында және асханада болып, оқу орнының жұмыстарымен танысты. Ерекше оқыту талаптары бар балалармен ресурстық кабинеттердегі жұмыстар туралы хабардар етілді. Психологтар мен мұғалімдер дамуы кешеуілдеген балаларды оқытуды ұйымдастыру туралы әңгімеледі.

Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Бірғаным Әйтімова мектеп ұжымымен кездесу барысында Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында рухани жаңғырудағы негізгі мақсаттардың бірі ретінде білімнің маңызы туралы айтқанын еске салды.

Шетелдік озық тәжірибелерді мысалға ала отырып, Б. Әйтімова «Мұғалім білім беру жүйесінде басты тұлғаға айналуы тиіс», – деп атап өтті. Сенатор мұғалімдерді әлеуметтік қолдаудың маңыздылығын айта келіп,  2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджеттен білім беру саласының мұқтаждарын қаржыландыру мәселелеріне тоқталды. Депутаттың пікірінше, ең алдымен мұғалім еңбегіне төлем деңгейін көтерумен қатар оларға  морльдық тұрғыда қолдау көрсету қажет. Б. Әйтімова атап өткендей, еңбекке ақы төлемі мен мектептерді қамтамасыз етудегі өзекті мәселелер білім беру жүйесін қаржыландыруды жан басына есептеу жүйесіне көшіруге байланысты шешілуі тиіс.

Сенаторлар №23 орта мектепті бүгінгі күннің талаптарына сәйкестендіру үшін қосымша ғимарат құрылысы мен материалдық-техникалық жағдайын жақсартуға қаржы бөлуге жәрдемдесу мақсатында Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаевқа өтініш жасады.

Астана қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде оқу үдерістерін жаңғырту туралы әңгіме одан әрі жалғасты. Депутаттар оқу орнының жұмысымен танысып, арнаулы кабинеттерде, кітапханада және интерактивті оқу аймақтарында болды. Зияткерлік мектебінің ұжымы әзірлеген,оқудың инновациялық әдістеріне негізделген оқу және әдістемелік әдебиеттер көрсетілді. Депутаттар қазіргі замандағы технологияларды енгізу саласындағы мектептің жетістіктеріне жоғары баға берді.

Сенатор Серік Бектұрғанов көшпелі отырыс барысында сөйлеген сөзінде Білім және ғылым министрлігінің басшылығын мұғалімдер мен ата-аналарға түсіндіру жұмыстарын қарқынды жүргізуге шақырды. Сонда оқулықтарға байланысты болған келеңсіз оқиғалар секілді қателіктер мен жағымсыз жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік болады. «Жетістіктерді жарнамалаудан гөрі білім беру саласындағы жаңалықтарды түсіндіре отырып,  әрқашан алда жүру керек, әйтпесе, Назарбаев зияткерлік мектептері педагогикалық үздік тәжірибелердің жеке дара мекені болып қала береді»  деді депутат.

Талқылау барысында балаларды үш тілде оқыту, оқу және әдістемелік материалдардың сапасы, оқушылардың сауаттылық міндетін арттыру мәселелері де көтерілді.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x